Көкшетаулық студенттерге Қазақстанда шығарылған ноутбуктер табыс етілді

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау университеті «С.М.Киров атындағы зауыт» акционерлік қоғамымен бірлесіп, әлеуметтік жағынан осал топтағы студенттерге қолдау көрсету мақсатында ноутбуктер тапсырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бүгінгі таңда аталмыш білім ордасында ата-анасының қамқорлығынсыз қалған 6 жетім студент білім алуда. Университет ректоры Марат Сырлыбаевтың бастамасы бойынша жетім студенттерге қолдау көрсету мақсатында «С.М.Киров атындағы зауыт» акционерлік қоғамы демеушілік көмек көрсетіп отыр. Қазіргі кезде компания жаңа үлгідегі компьютер техникасы сияқты отандық өнімдерді шығарады. Зауыттың тарихы Екінші дүниежүзілік соғыстан бастау алады. Соғыс жылдарында зауыт ұжымы майданды жауынгерлер арасында үлкен сұранысқа ие болған радиоқабылдағыштармен және радиопеленгаторлармен қамтамасыз етті. Соғыстан кейін зауыт халық шаруашылығы мен халықтың қажеттіліктері үшін радиоқабылдағыштар шығаруға көшті. Бүгінгі таңда аталмыш зауыт «Қазақстан инжиниринг» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамының құрамындағы мемлекеттік ірі кәсіпорын. Зауыттың шығарылатын өнім спектрі әр түрлі.

«Біздің кәсіпорынның ZIK Computers маркалы компьютерлік техниканы шығара бастағанына екі жыл болды. Осы аралықта 55 мыңға жуық техника құрастырылды. Оның 2000 данасын техникалық байқау мен тестен өткізілгеннен соң Солтүстік Қазақстан облысының аудандары мен қалаларына жібердік. Жақында Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау университеті басшылығы тарапынан бізге әлеуметтік жағынан осал топтағы студенттерге қолдау көрсету туралы ұсыныс түсті. Біз оны бірден қолдадық», - деп атап өтті «С.М.Киров атындағы зауыт» акционерлік қоғамы бас директорының коммерциялық мәселелері бойынша орынбасары Қайрат Әлібеков.

Еліміздегі іргелі кәсіпорын басшылығына университет ұжымы мен студенттері атынан алғысын айтқан университеттің әлеуметтік – мәдени даму бойынша проректоры, Әдеп жөніндегі уәкіл, қоғам қайраткері Ғалым Байтық мұндай игі істердің одан әрі жалғасын таба беретінін атап өтті.

«Біздің ұсынысымызға құлақ асып, қолдау білдіріп отырған «С.М.Киров атындағы зауыт» акционерлік қоғамының басшылығына университет ректоры атынан шынай ризашылығымызды білдіремін. Бүгінгі күні пандемия кезінде қашықтан білім алып жатқан студенттер үшін ноутбук өте қажет. Бұл біздің студенттер үшін үлкен көмек. Осындай қолдау алдағы уақытта да болады деп сенеміз», - деді Ғалым Байтық.

Осы ретте, отандық ноутбукке ие болған студенттерде қуаныштарымен бөлісті.

«Бүгінгі қуанышымда шек жоқ. Қашықтан білім алып жатқан біздерге ноутбук ауадай қажет. Жақсы істің жаршысы болып отырған отандық зауыт пен еліміздегі іргелі оқу орнының басшылары алғысымды білдіремін. Сапалы білім алып, келешекте еліміздің дамуына елеулі үлес қосып, ұстаздарымның үмітін ақтауға тырысамын», - деді университеттің филология және педагогика кафедрасының 1-ші курс студенті Вера Нұрышева.

Сонымен бірге, зауыт сыбайлас жемқорлыққа қарсы «AntiParaCraft» квест-ойыны жобасына да қолдауға білдіріп отыр.

Айта кетейік, «AntiParaCraft» квест-ойыны пилоттық жоба болып табылады және елімізде алғаш рет енгізілуде. Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау университеті осы идеяның авторы және жаңашылы болып табылады. Жоба ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі тарапынан қолдау тауып отыр.



Соңғы жаңалықтар