Көкшетаулық медбике: Медициналық көмек көрсету - менің кәсіби міндетім әрі адами парызым

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» деген қазақ. Біздің бүгінгі кейіпкеріміз Баян Қуанышбайқызы Көкшетау қалалық емханасында медбике болып қызмет атқарады. Халықаралық медбике күніне орай ҚазАқпарат тілшісі осы бір аяулы жанмен жақынырақ танысып, сөзге тартқан еді.

Бір әулеттің береке-бірлігінің ұйытқысы, бір ұжымның үлгі тұтар қадірлісі болып отырған ақ халатты абзал бүгінгі таңда Көкшетау қалалық емханасының №226 учаскесінде медбике болып еңбек етеді. Учаскеде 1800 адам тіркелген болса, күн сайын 16 адамға медициналық көмек көрседі. Ал, қалған уақытында жүріп-тұруы қиын қарт адамдар мен жаңа туған сәбилердің үйлеріне барып, жағдайларын көреді.

«Ауру азабын тартып, көмек сұрай келген науқасқа қарайласу, қолдан келген медициналық көмек көрсету менің кәсіби міндетім әрі адами парызым», - дейді ол.


Баян Қуанышбайқызының медицина саласында еңбек етіп жатқанына биыл 30 жыл толып отыр. Көкшетау медициналық училищесін тәмәмдаған кезде ол небары 18 жастағы ұяң қыз еді. Содан бері ол бар ғұмырын жас ұрпақтың саулығы үшін аянбай еңбек етуге арнап келеді. Жүзінен мейірім, әр сөзінен парасат-пайым сезілетін маман өз ортасына сыйлы, абырой биігінен көрініп жүрген жан. Кезінде оқу орнын бітірген соң, білімін тәжірибемен ұштастырып, қиындығы мен жауапкершілігі зор қызметінде алғысқа бөлене білді. Жақсы медбике болу үшін ұқыптылық, жауапкершілік деген қасиеттер аздық етеді. Ол үшін күнделікті тәжірибе керек дейді өзі.

– Біздер тек қана кішкентай балалармен емес, сонымен қатар, ересектермен де жұмыс істейміз. Себебі, ересек адам қай жерінің ауырып тұрғанын айта алса, балалар ауыратын жерін айта алмайды. Яғни, мұндайда медбике ең біріншіден жақсы психолог болуы тиіс, – дейді ол.


Кейіпкеріміз дәрі-дәрмек қана емес, сондай-ақ, әр жан үшін жылы сөздің өзі үлкен ем екенін айтады. Сол себепті жан-жағындағыларға мейірімнің шуағын себезгілеп жүретін Баян Қуанышбайқызы өзінің күш-жігеріне, біліміне сеніп, әр баланың сырқаты жазылуын тілеп, барынша көмектесуге тырысады.

«Менің атқарып жүрген жұмысым күнделікті көзге көрінеді. Маған баға беретін - балалар. Ал, бала деген - періште. Солардың алғысын алсам, мен үшін одан артық атақ жоқ», – дейді ол.

Дегенмен, Баян Қуанышбайқызы жоғары санатты медбике атанып, ұжымда сыйлы жан бола білді. Ал, қазір ауруханаға оқуын енді аяқтаған жас мамандар келуде. Сол жастарды көріп, кешегі өзінің 18 жастағы кезін елестетіп, оларға аналық ақылын айтуды парызы санайды.

Айта кетейік, бүгінгі таңда Ақмола облысында 500-ден астам медициналық ұйым бар. Өңірде барлығы 6 мыңнан астам медбике жұмыс істейді.

Әлемді алаңдатып отырған коронавирус індетіне және елімізде енгізілген карантин режиміне байланысты Ақмола облысының денсаулық сақтау саласында еңбек етіп жүрген медицина қызметкерлері де өңір тұрғындары арасында санитарлық, гигиеналық жұмыстарды тынымсыз жүргізуде.


Соңғы жаңалықтар