Көкшетаулық бала кезде тауып алған мамонттың сүйегін мұражайға тапсырды

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Көкшетау қаласының тұрғыны Ақмола облыстық-өлкетану мұражайына мамонттың сүйегін тапсырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Көкшетау қаласының 25 жастағы тұрғыны Дулат Мұстафин мамонттың жамбас сүйегі мен атлант - бірінші омыртқасының бөлшегін мұржайға тапсырды.

Дулат Мұстафиннің айтуынша, көне жануардың сүйегі оның үйінде ұзақ жылдар сақталған. Сүйекті бала кезінде Ғабит Мүсірепов ауданындағы Салқынкөл ауылына туыстарына барғанында тауып алған. Аққанбұрлық өзеніне суға шомылып, жүргенде жардан сүйектердің шығып тұрғанын көрген.

«Біз балалар сүйекті қазып алып, оны естелік ретінде бөліп алдық. Бірі тісін, бірі мүйізін алса, мен екі сүйегін алдым. Кейін мұражайға апарып тапсырғым келді. Алайда, ол кезде жас болғандықтан достарыма көрсетіп соған мақтанып жүрдім. Сүйектің мамонтікі екеніне ешкім сенбеді.  Мұржағай тапсыруға уақытым да болмады. Біраз жыл өткен соң, жолдасым сүйектерді лақтырып жіберуді ұсынды. Сол кезде ғана барып, мұражай тапсырдым. Шынымды айтсам, сүйектердің құнды екенін білмедім», деп айтты Д.Мұстафин ҚазАқпарат тілшісіне.

Мұражай қызметкерлерінің айтуынша, мамонттар осыдан 15 мың жыл бұрын өмір сүрген. Бұлар сол кезде Қазақстан аумағында мекендеген пілтұмсықтылар қатарындағы соңғы жануарлар. Осы күні мамонт сүйектерінің қалдықтары Ақмола облысының аумағы мен Астана қаласының маңында табылып отыр.

Бұған дейін Жақсы және Шортанды аудандарының аумағынан да мамонттардың қаңқасы табылды. Бірақ ол сүйектер дұрыс сақталмаған. Ал мына сүйек жақсы сақталған.

«Сүйекке қарап, бұл ересек мамонттікі екенін аңғаруға болады. Дулат бізге сүйек табылған жерді көрсететіні туралы уәде берді. Астана ғалымдарымен хабарласып, алдағы жылдың жазында сол жерде қазба жұмыстарын жүргізуді жоспарлап отырымыз», - дейді Ақмола облыстық өлкетану мұражайының директоры Қуаныш Шақшақов.

Авторы: Оксана Матасова

Соңғы жаңалықтар