Көкшетаулық «Арлан» хоккей клубы Құрлықаралық кубокта өнер көрсетеді

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Көкшетаудың «Арлан» ХК клубы Құрлықаралық кубокқа қатысады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақмола облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы баспасөз қызметінің мәліметінше, 2018 жылдың 17-18 қараша күндері Францияның Лион қаласында өтетін жарыста «Арлан» хоккейшілері Қазақстан атынан бақ сынайды.

«Бұл - осыдан 9 жыл бұрын құрылған команданың IIHF қолдауымен өтетін халықаралық жарысқа бірінші қатысуы. Сондықтан, бұл - Ақмола облысы мен Көкшетау қаласындағы «Арлан» ХК жанкүйерлері үшін ғана емес, жалпы республика үшін, қазақстандық хоккей үшін елеулі оқиға», - дейді Ақмола облысының дене шынықтыру және спорт басқармасы баспасөз хатшысы Махаббат Большина.

Топтық кезеңде арландықтар Франция, Латвия және Беларусь Республикасының «Лион», «Курбадс», «Гомель» сияқты командаларымен кездеседі.

Көкшетаулықтар алғашқы ойынды 17 қарашада сағат 00:30-де жергілікті «Лион» ХК-мен, сол күні кешкісін сағат 19:00-де Латвияның «Курбадс» ХК-мен және қарашаның 18-і күні сағат 18:00-де беларусьтердің «Гомель» ХК өткізеді.

Айта кетейік, 2018 жылдың сәуір айында Көкшетаудың «Арлан» хоккей клубы Қазақстан чемпионатының плей-офф сериясындағы 6-шы финалдық кездесуінде астаналық «Номад» командасын 1:0 есеп айырмасымен жеңіп, ел чемпионы атанған болатын.

Соңғы жаңалықтар