Көкшетаудың 195 жылдығына орай көпбалалы аналар марапатталды

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат – Көкшетау қаласының 195 жылдығы күні бір топ ақмолалық көпбалалы ана «Алтын алқа» және «Күміс алқа» төсбелгілерімен марапатталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақмола облысы орталығының 195 жылдығына арналған «Арқаның кербез сұлу Көкшетауы» атты салтанатты шара өтті. «Көкшетау» мәдениет сарайында ұйымдастырылған шараға аймақ басшысы Ермек Маржықпаев қатысып, құттықтау сөз сөйледі.

«Көкшетау ертеден еліміздің тарихи, рухани мекендерінің бірі. Көптеген қоғам қайраткерлерінің өмірі Көкшетаумен байланысты. Біздің қала – тек осы қаланың тарихында ғана емес, республиканың тарихына ізін қалдырған таланттар мен еңбекқор адамдардың Отаны. Солардың қатарында Шоқан Уәлиханов, Ақан сері, Біржан сал, Науан Хазрет, Мағжан Жұмабаев, Мәлік Ғабдуллин сияқты көптеген тұлғалар бар. Қаланың басты құндылығы, ол оның тұрғындары. Бүгінгі таңда қаламыз қарқынды даму үстінде, күн сайын көркейіп келе жатыр. Қала тұрғындары демалып, жасыл аллеялар мен әдемі гүлзарларды тамашалай алатын алаңдар, саябақтар мен скверлер көркейді. Қала тұрғындары мен қонақтарына арналған жаңа демалыс орындары ашылды. Соңғы екі жылда біз Теміржолшылар, Жастар аллеяларын, Сәдуақасов көшесі бойындағы аллеяны, тамашалау алаңын, Студенттер саябағын, Станционный кентіндегі саябақ аймағын аштық.

Дәл көкшетаулықтар ғана қажырлы еңбегімен қаламызды осы деңгейге көтеріп, туған өлкеде тұрақтылық пен игілікті қамтамасыз етіп отыр. Бұл залда құрылысшылар, дәрігерлер, мұғалімдер, кәсіпкерлер мен басқа да кәсіптің иелері бар. Олардың бәрі Көкшетаудың гүлденуіне өз үлесін қосып жүр. Осы туған жерге деген сүйіспеншілік бізді біріктіреді. Бүгінгі мерейлі мереке күні Көкшетау қаласын дамытудағы Сіздердің еңбектеріңіз бен баға жетпес көмектеріңіз, туған қаламызға деген шынайы махаббаттарыңыз үшін алғысымды білдіремін», деді қала әкімі Е.Маржықпаев.

Аймақ басшысы атап өткендей, соңғы 5 жылда облыс экономикасында өнеркәсіп секторында инвестиция және еңбекақы көлемі төрт есеге өскен. Осы жылдары баспана беру көрсеткіші 1,6 есеге (2014 жылы 105,9 мың шаршы метрден 2018 жылы 164,5 мың шаршы метрге) артты. Барлығы 8 мыңға жуық жаңа жұмыс орны ашылды. Биылғы жыл басынан бері бұл көрсеткіш 1000 құрады.


Салтанатты шара барысында аймақ басшысының қолынан 7 бала тәрбиелеп отырған Оразқан Әжіқан «Алтын алқа», 6 баланың анасы Сәуле Ақыбаева мен Айсұлу Бимендина «Күміс алқа» төсбелгісін алды.

Бұдан бөлек, қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосқан облыс орталығының 6 тұрғыны «Көкшетау қаласының құрметті азаматы» атағына ие болды.

Сонымен қатар, бір топ адам Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев және Көкшетау қаласының әкімі Амангелді Смайыловтың Алғыс хаттарымен марапатталды.

Мерекелік шара жергілікті көркемөнерпаздардың концерттік бағдарламасына ұласты.

Соңғы жаңалықтар