Көкшетаудың 195 жылдығы қалай тойланады

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысының орталығы - Көкшетау қаласына биыл ​ 195 жыл толады. Осыған орай кең көлемдегі шаралардың алғашқылары бастау алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

​Ақмола облыстық ішкі саясат басқармасының мәліметінше, маусымның 17-сінен бастап қала күнінің онкүндігі басталып, кәсіпорын және ұйымдардың қызметкерлерімен «сүйікті қалаға 195 тілек» челледжі өтуде. Сонымен қатар, «Мен Көкшетауды жүрегіммен тыңдаймын» тақырыбымен сәндік-қолданбалы өнер шеберлерінің көрмесі, «Көкшенің бақытты перзенттері» үй аулалары клубтарының ашық есік күні, ​ «Сұлу Көкшеме арнаймын» шығармашылық концерті, «Знатоки родного города» квест-ойын, «Көкше story: гүлдене бер Көкшем, Абылайдың арманы! кітап көрме-круизы, Көкшетау өмірінен скетч тәрізді шаралар өткізілуде.

Тойдың тұздығы маусымның 28-29 күндеріне қарастырылып отыр. Маусымның 28-інде «Көкше CITY» компаниясында кіші қаптар шығаратын цех іске қосылады және ​ «Zerek» жаңа балабақшасы ашылады. Сол күні «Арқаның кербез сұлу Көкшетауым» атты салтанатты шара өтеді. Онда қала тұрғындары мен қонақтары жерлестері, танымал әнші және сазгер Нұрлан Әлімжановтың концертін тамашалайды. Ақмола облыстық орыс драма театрында көрермендерге танымал драматург Рақымжан Отарбаевтың «Сұлтан Бейбарс» спектаклінің премьерасы ұсынылады.

Мерекенің екінші күні биіктігі 11 метр «домбыра» композициясы ашылады. Ескерткіштің авторы жергілікті суретші Манарбек Бурмағанов. Ал, «Құлагер» атшабарында спорттың 12-і түрінен облыстық спартакиада жоспарланған. Онда ұзындығы  «Құрақ көрпе Fest» фестивалі өтіп, 16 шақырым ұлттық тігін өнімдері ұсынылады.

Ал, түстен кейін «Көкшетау - бақыты отбасы мекені» шарасында «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша салынған тұрғын үйлерден жаңа пәтердің кілті тапсырылады. Қаланың кішкентай тұрғындарына «Самұрық-Қазына» АҚ футбол және воркут алаңдарын сыйға тартады. «Тәуелсіздік» алаңында  жастар арасында «Тірі шахматтан» турнир өткізіледі. Кешкісін қала тұрғындары мен қонақтары отандық эстрада жұлдыздарының «Көркіңе, Көкшем, ғашықпын!» атты концерттік бағдарламасын тамашалайды.

Мерекелік шара  түнгі от шашумен өз мәресіне жетеді. 

Соңғы жаңалықтар