Көкшетаудағы Рим-Католик шіркеуі жайлы не білеміз

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат – Көкшетаудағы Әулие Антоний Падуанскийдің Рим-Католик приходында келушілер осыдан 74 жыл бұрын жасалған 14 дыбысты пневматикалық органнан шығатын әуенді ести алады. Бұл туралы ҚазАқпарат тілшісіне аталмыш ғибадатхананың діни қызметшісі Войчех Скорупа айтып берді.

Войчех Скорупаның айтуынша, оның өзі бір жыл бұрын Көкшетауға Польшадан келген.

«Костел» сөзінің қайдан шыққанын білмеймін, біз өзімізді Рим-Католик шіркеуі деп атаймыз. Осы жердің қамқоршысы - Антоний Падуанский. Біздің приходтың құрылысы 1995 жылы басталды. Қауымдастық құрылды. Мұнда адамдар дұға арқылы Құдаймен байланысып, ләззат алады», - дейді діни қызметші.

Рим-Католик приходы Көкшетаудағы ең әдемі нысандардың бірі саналады және өзге ғимараттардан готика стилімен ерекшеленеді. Кез келген католик шіркеуіндегідей, оның ортасында бір және екі жағында екі құрбандық ошағы бар.

«Біреуінде Фатимская Құдай анасының мүсіні тұр. Оны 2001 жылы Қазақстанға келген Рим Папасы Иоанн Павел II қастерлеген еді. Оң жақта қасиетті сыйлар орналасқан - бұл ең маңызды орын. Әрине, өздеріңіз көріп отырғандай, бұл жерде киіз үйдің бейнесі бар, ол біз тамаша ел – Қазақстанда тұратынымызды білдіреді», - деп толықтырды Войчех Скорупа.

Католиктер ғана діни қызмет көрсету кезінде органды қолданады.

Шіркеудің діни қызметшісінің айтуынша, бұл орган 1948 жылы жасалған. Кейін Познань қаласындағы (Польша) Сент-Станислав Костканың приходына тарту етілді. Ал 1999 жылы Көкшетауға жеткізіліп, осында орнатылды. Дегенмен, оны ғибадатханада тек Құдайға құлшылық кезінде ғана қолданбайды. 2000 жылы осында И.С.Бахтың музыка фестивалі де өткен екен.

«Біздің органистіміз - монах әйел. Ол қызмет кезінде осы органда ойнайды. Біздің орган - өте ескі, бірақ дыбысы керемет естіледі. Әрине, ескі болғандықтан жөндеуді қажет етеді», - деді Войчех Скорупа.

Храмда экран орналасқан. Онда орындалып жатқан әндердің сөзі көрсетіледі. Діни рәсімдер кесте бойынша өткізіледі. Әрине, приходшылар үшін белгілі бір ережелер бар.

«Бұл Құдайдың ғибадатханасы, қассиетті орын. Сондықтан мұнда келгенде киім үлгісіне ерекше мән беріледі. Бұл негізгі ереже», - деді Войчех Скорупа.

Сонымен бірге, ол Тәуелсіз Қазақстанда діни еркіндік барын атап өтті.

«Біз тамаша ел-Қазақстанда тұрып жатырмыз. Біздің елде діни еркіндік бар, кез келген адам өз таңдауы бойынша мешітке немесе шіркеуге бара алады. Мен өзім мешітте де, православ шіркеуінде де болып көрдім. Біз ғибадатханаға келген адамды бала немесе ересек деп бөлмейміз. Яғни, дұға еткісі келген адамға барлық мүмкіндік бар», - деп қосты діни қызметші.

Осы ретте, «Неліктен өзі шіркеуге келді?» деген сауалға Войчех Скорупа былай жауап берді: «Бұл менің таңдауым. Біреу отбасын құруды шешеді, ал мен діни қызметші болуды және адамдарға қызмет етуді таңдадым. Әр адамның өмірінде таңдау жасайтын сәт болады, сол кезде ол өзі қай жолмен жүретінін таңдайды...».


Соңғы жаңалықтар