Көкшетаудағы «Авиценна» емдеу-сауықтыру мекемесі тұрғындарға сапалы медициналық көмек көрсетуде (ФОТО)

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Көкшетауда ашылған құны 5 миллиард теңгенің «Авиценна» емдеу-сауықтыру мекемесі тұрғындарға сапалы медициналық көмек көрсетуде. Бұл туралы бүгін облыс әкімі Сергей Кулагиннің аталған медициналық мекемеде болып, дәрігерлер ұжымымен кездесуінде айтылды.

«Соңғы жылдары Мемлекет басшысының сарабдал саясатының арқасында елімізде медицина саласы қарқынды дамуда. Бүгін соның куәсі болып отырмыз. Осындай қазіргі заманғы озық-технология және медициналық қондырғылармен жабдықталған нысанның пайдалануға берілуі медицина қызмет сапасын арттырып қана қоймай, саланың дамуына септігін тигізетін болады», - деді облыс әкімі.

Еске сала кетсек, «Авиценна» мекемесі 1996 жылы темір жол ауруханасының базасында ашылды. Одан бері мұндағы ақ халатты абзал жандар талай адамдардың өміріне араша түсіп, алғыстарына бөленген. Биылғы жылдың шілдесінде мекеме жаңа ғимаратқа қоныс аударды. Бес қабатты ғимараттың құрылысы мен жаңа қондырғылар сатып алуға 5 миллиард теңге жұмсалыпты.

Мекеме директоры Сапарғали Құлышевтың айтуынша, мұндағы емделушілерге 14 түрлі медициналық қызмет көрсетілмек.

«Бірінші қабатта сырқаттар қабылданса, өзге қабаттарда терапия, урология, хирургия, кардиология, эндокринология, анестезиология, реаниматология, отоларингология, офтальмология, дерматология, невропатология және педиатрия бөлімшелері жұмыс істейді.

Сондай-ақ, мұнда тұрғындарға стационарлық медициналық көмек көрсетіледі. Мекеме медициналық қызмет көрсету үшін қажетті аппараттармен және медициналық қондырғылармен қамтамасыз етіліп отыр», - дейді С.Құлышев.

Соңғы жаңалықтар