Көкшетаудағы «АгроИнтерТех» ЖШС-де АШ техникаларына сервистік қызмет көрсететін орталық ашылды (ФОТО)

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Бүгін облыс әкімі Сергей Кулагин Көкшетаудағы «АгроИнтерТех» ЖШС-де ауыл шаруашылығы техникаларына сервистік қызмет көрсететін оқу-өндірістік орталығының ашылуы салтанатына қатысты.

Еске сала кетсек, Қазақстан-Канада бірлескен кәсіпорны «АгроИнтерТех» ЖШС 2000 жылы құрылған «Рамут» Корпорация» ЖШС компаниялар тобына кіреді. 2014 жылы пайдалануға берілген кәсіпорынның құны 566,2 миллион теңгеге бағаланып отыр. Кәсіпорын мемлекеттік қолдау ретінде «ҚазАгроҚаржы» АҚ-ы арқылы 262,2 миллион теңге, «Даму» қоры арқылы 182,6 миллион теңге субсидияға қол жеткізді. Сонымен қатар 0,48 гектар жер телімі, 2,4 мың шаршы метр ғимараты бар. Компанияның негізі қызметі Ақмола, Солтүстік Қазақстан және Қостанай облыстары бойынша өсімдікті қорғау құралдарын жүзеге асыру, бидай және майлы дақылдарды (рапс, зығыр) экспортқа шығару болып табылады. «Қазіргі кезде, «Рамут» Корпорация» ЖШС-нің еншісінде өзара байланыстағы 2 ауыл шаруашылығы кәсіпорны, 2 элеватор, астық қабылдау пункті, «Еңбек-Астық», «ҚазСеверСтрой» және «АгроИнтерТех» серіктестіктері кіреді. Осындай ресурстар ауыл шаруашылығы тауарларын өндіруде корпорацияның Еуродаққа мүше елдердің бидай нарығына шығуға мүмкіндік беріп отыр. 2011 жылдан бері барлығы 3,7 миллиардтан астам теңгенің дәнді дақылдарды экспортталды»,- дейді кәсіпорын директоры Мұрат Теміржанов. Аталған компаниялар тобының «АгроИнтерТех» серіктестігін құрудағы негізгі мақсаты - ауыл шаруашылығы техникаларының барлық түрлері мен қосалқы бөлшектерін сату болып табылады. Осы бағытта 2014 жылы құны 656 миллион теңгені құрайтын АҚШ және Канада елдерінде шығарылған 33 бірлік техника (10 комбайн, 6 шөп шабатын жатка, 1«Challenger» маркалы шөп тиегіш), оның ішінде 20 техника (417 миллион теңгенің) «ҚазАгроҚаржы» АҚ арқылы сатылды. Ал қызмет көрсету саласына келетін болсақ, компания тарапынан сервистік қызмет тиімділігін арттыру және дамыту бағытында мақсатты жұмыстар жүргізілуде. «Кәсіпорын ашылғаннан бері Ақмола, Солтүстік Қазақстан және Қостанай облыстарындағы 50-ден астам шаруашылыққа 13 миллион теңгеден астам сервистік қызмет көрсетті. Алдағы уақытта ауыл шаруашылығы саласындағы мамандар мен студенттерді оқытып, біліктілігін көтеру бағытындағы жұмыстарды қолға алу көзделіп отыр», - дейді М.Теміржанов.

Соңғы жаңалықтар