Көкшетауда жылу электр стансасын салуға ниет танытқан инвесторларға қолдау жасаймыз - Ақмола облысының әкімі

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Көкшетауда жылу электр стансасын салуға ниет танытқан барлық инвесторларға жан-жақты қолдау жасаймыз. Бұл туралы Ақмола облысы әкімдігінде Ұлыбританияның «British ekopawer» компаниясының өкілдерін қабылдаған кездесуде өңір басшысы Қ.Аймұхаметов мәлім етті, деп хабарлады облыс әкімінін баспасөз қызметінен.

Көкшетауда жылу электр стансасын салуға қызығушылық танытқан бір топ инвестор бүгін облыс әкімі Қосман Айтмұхаметовпен кездесті. Ұлыбританиялық «British ekopawer» компаниясының өкілдері жылу электр стансасының толыққанды жобасымен танысып, аймақ басшысымен жобаны жүзеге асыру тұрғысында келіссөздер жасады. Өз кезегінде облыс әкімі Қосман Айтмұхаметов жылу электр стансасын салуға ниет танытқан әрбір инвесторға өңір тарапынан жан-жақты қолдау көрсетіліп, бірлесіп жұмыс жасауға дайын екенін мәлімдеді. Сондай-ақ жаңа станса, жылу, ыстық су мен электр энергиясын тұтынудағы баға тұрғысынан тұрғындарға тиімді болуы керек екендігін де атап өтті. Көкшетауда жылу электр стансасын салу мәселесі Үкімет деңгейінде соңғы 5 жылдан бері көтеріліп келеді. Бүгінде облыс орталығында 1977 және 1988 жылы салынған екі жылу қазандығы жұмыс істейді. Жыл сайын облыс орталығы аумағының өсуін есепке алғанда, жылу қазандықтарынан өндірілетін жылу болашақта аздық етуі ықтимал.

Сондықтан алдағы жылдары Көкшетауда жылу, ыстық су мен электр энергиясын өндіретін станса салуға облыс тарапы үлкен қызығушылық танытып отыр. Болжам бойынша Көкшетау қаласының тұрғындары 2020 жылға дейін 144 мыңнан 185 мыңға дейін өседі. Мемлекеттік «Қолжетімді баспана-2020» бағдарламасы аясында да 1,5 млн. текше метр тұрғын үй салынады деп жоспарланған.

Атап айту керек, бүгінгі күні жылу электр стансасының техникалық экономикалық негіздемесі әзірленген. Кездесу барысында облыс әкімі жобаны жіті зерттеу үшін жұмыс комиссиясы құрылып, оған облыс әкімінің орынбасары Ермек Маржықпаев жетекшілік ететін айтты.

Соңғы жаңалықтар