Көкшетауда жол апатынан жүргізуші мен екі бала зардап шекті

None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат – Көкшетауда жүргізуші мен екі бала зардап шеккен жол-көлік оқиғасы дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақмола облыстық ПД баспасөз қызметінің мәліметінше, жол апаты 23 сәуір күні облыс орталығындағы көпірдің үстінде болған. Бұл туралы сол күні сағат 19:20-да «102» желісіне хабарланды.

«Анықталғандай, Сүлейменов көшесімен солтүстік бағытта жүріп келе жатқан Көкшетау қаласының 43 жастағы тұрғыны жүргізген «Тойота камри 50» автокөлігі жолдың қарсы бағытына шығып кетіп, «Мазда 323» көлігімен бетпе-бет соқтығысқан. Салдарынан «Мазда 323» автокөлігінің 28 жастағы жүргізушісі мен салонда болған 2 және 4 жастағы екі бала түрлі дене жарақатымен ауруханаға жатқызылды», - деді ведомстводан.

ПД баспасөз қызметінен атап өткендей, медициналық сараптама қорытындысына сәйкес, «Тойота камри 50» автокөлігінің жүргізушісі орта дәрежелі мас күйінде болған.

«Тексеріс барысында бұл азаматтың 2022 жылы көлік құралын басқару құқығынан айырылғаны анықталды. Автокөліктер арнайы айып тұрағына қойылды. Сараптама тағайындалды. Сонымен бірге, «Тойота камри 50» автокөлігінің жүргізушісі уақытша ұстау оқшаулағышына қамалды. Қазіргі кезде осы оқиғаға байланысты Қылмыстық кодекстің 346-бабы 2-бөлігі «көлік құралдарын басқару құқығынан айырылған және алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның көлік құралын басқаруы» бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр», - деп толықтырды ведомстводан.

Оқиға орнынан түсірілген видео әлеуметтік желіде жарияланды.

Айта кетсек, бұдан бұрын Ақмола облысында 4 жасар баланың денесі кәріз құдығынан табылғанын жазған едік.


Соңғы жаңалықтар