Көкшетауда жоғары технологиялық жаңа диірмен кешені ашылды

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Тұңғыш Президент күні қарсаңында Көкшетаудағы «Agrimer-Astyk» ЖШС-де бидайдың қатты сортынан ұн шығаратын жоғары технологиялық жаңа диірмен кешені ашылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі Ақмола облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Кәсіпорынның ашылуына аймақ басшысы Ермек Маржықпаев қатысып, құтты сөз сөйледі.

«Еліміз үшін үлкен, маңызды мерекелер – Тұңғыш Президент күні және Тәуелсіздік күні қарсаңында жаңа кәсіпорындарды іске қосу жақсы дәстүрге айналған. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев бізге 2022 жылға дейін еңбек өнімділігі мен қайта өңделген өнімдердің экспортын 2,5 жарым есеге арттыру туралы міндеттер қойып отыр.

Біз бүгін бидай өңдеу көлемін ұлғайтуға мүмкіндік беретін жоғары технологиялық жаңа диірмен кешенін ашып отырмыз. Өңірдің агроөнеркәсіп кешенінің дамуына үлес қосып отырған кәсіпорын басшысы Николай Казак пен ұжым еңбеккерлеріне шынайы алғысымды білдіремін», - деді аймақ басшысы Ермек Маржықпаев.

Кәсіпорын италияндық құрал-жабдықтармен жабдықталған. Италияның «Barilla» азық-түлік компаниясы «Agrimer-Astyk» ЖШС әріптесі болып табылады. Мәскеуде өздерінің брендтік өнімі – пастаға Көкшетаудың жармасын, премиум-класстағы макарон өнімдеріне ұнын пайдаланбақ ниетте.

Жалпы, жобаға 2,5 миллиард теңге қаржы салған. «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры тарапынан 790 миллионнан астам теңге көлемінде қаржылай қолдау көрсетілген.

Соңғы жаңалықтар