Көкшетауда ЖЭО құрылысына не кедергі болып отыр

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Бүгін Сенаттың жалпы отырысында депутат Нұрлан Бекенов Премьер-Министр Әлихан Смайыловтың атына жолдаған сауалында Ақмола облысының тұрғындарын мазалап отырған мәселені көтерді. Атап айтқанда, Көкшетау қаласында жаңа жылу электр орталығын салу туралы Президент тапсырмасы орындалмай келеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оның айтуынша, қалада 1978 жылы іске қосылған қазандықтар әлі күнге дейін жаңартылған жоқ. Көкшетау қаласында осыған дейін жылу және электр энергиясын өндіретін нысан салынбаған.

«Президенттің 2019 жылдың қараша айында Ақмола облысын әлеуметтік-экономикалық дамыту жөніндегі кеңесте берген тапсырмасына сәйкес, Көкшетау қаласында жылу элетр орталығын салу мәселесін қарастыру тапсырылған болатын. Мемлекет басшысы 2023 жылдың ақпан айында Көкшетау қаласына барған кезде қала тұрғындарына берген уәдені орындау қажет екенін айта келіп, ЖЭО салуға кірісу туралы айтқан болатын. Бұл тұрғыда «Президенттің хаттамалық тапсырмасы 2019 жылдан бері неге орындалмай жатыр?» деген сұрақ бар», - деді Нұрлан Бекенов.

Депутаттың сөзіне қарағанда, 2022 жылдың наурыз айының соңында ЖЭО құрылысына тендер жарияланды, бірақ сәуір айында түсініксіз себептермен оның күші жойылған. Энергетика министрлігі 2022 жылдың қыркүйегінде жаңа ереже әзірлеп, 2023 жылдың қаңтар және ақпан айларында тендер қайта жарияланды, бірақ оған бірде-бір ұйым қатысқан жоқ.

Сенатор өткізілетін тендердің шарттары инвесторларға тартымсыз екенін айтты.

Бұл тұрғыда Н. Бекенов жобаның тартымдылығын арттыру үшін тендерге қатысу ережелерін қайта қарау мәселесін көтерді, сондай-ақ тендерді өткізу ережесін шұғыл өзгерту керек.

Бұдан бұрын хабарланғандай,2019 жылдың 14 қарашасында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Көкшетауда өткен Ақмола облысын дамыту жөніндегі кеңесте облыс орталығында жылу электр орталығын салу мәселесі көтерілді.


Соңғы жаңалықтар