Көкшетауда жаңа оқу жылы қарсаңында 500 балаға сөмкелер мен оқу құралдары таратылды

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Жаңа оқу жылы қарсаңында Науан хазірет атындағы Көкшетау орталық мешіті мен «Зекет» қайырымдылық қорының ұйымдастыруымен биыл 500 балаға сөмкелер мен оқу құралдары салынған жабдықтар таратылды.

Соңғы кездері мешіт пен «Зекет» қоры мұндай шараларды жүйелі ұйымдастыруды дәстүрге айналдырған. Бұл жолы «Мектепке жол» акциясы шарасына 500-ге жуық ата-аналар мен олардың балалары жиналды. Шараны кіріспе сөзбен ашқан «Зекет» қайырымдылық қорының Ақмола облысы бойынша өкілі Ерболат Шәріпов бұл қайырымдылықтың мәні мен маңызына тоқталды. Ол мұндай қамқорлық істер алдағы уақытта да жалғасатынын атап өтті.

Мешітке жиналған ата-аналар мен балалар алдында жас шәкірт Мұхаммед Қанатұлы құран оқыды. Ал, облыс имамы Қанат Қыдырмин уағыз айтып, білім жайлы тағылымды әңгіме қозғады. Онда ислам дінінде білімге ерекше көңіл бөлетіні, білімді іздеу де шариғаттағы ізгіліктің бір көрінісі екені тілге тиек етілді.

Осы күні 500 аз қамтылған отбасылардың және жетімдер үйінің балалары 5 мың теңгенің көлемінде сөмкеге салынған оқу құралдарына ие болды. Өз кезегінде олар да мешіт пен зекет қоры ұйымдастырған қайырымдылыққа өздерінің ризашылықтарын білдірді.

Соңғы жаңалықтар