Көкшетауда Жамбыл Жабаевтың 175 жылдығына арналған оқушылар айтысы өтті

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Көкшетаудағы «Достар» мәдениет сарайында Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы және Жамбыл Жабаевтың 175 жылдығына арналған «Рухани қазына-2021» республикалық фестивалінің іс-шаралар жоспары аясында «Тыңда, дала, Жамбылды!» оқушылар арасында ақындар айтысы өтті, - деп хабарлайды ҚазАқпарат облыстық ішкі саясат басқармасына сілтеме жасап.

Облыстық халық шығармашылығы және мәдени демалыс орталығының мәліметінше, шараны өткізудің негізгі мақсаты - Ұлы ақын Жамбыл Жабаевтың ақындық мұрасын насихаттау, өскелең ұрпақты фольклорлық шығармашылыққа баулу, дәстүрлі ән өнеріндегі сабақтастықты сақтау, талантты жас орындаушыларды анықтау және қолдау. Шараға Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстарынан 12-18 жас аралығындағы жас ақындар қатысты.

Айтысқа суырып салма ақын, Мәлік Ғабдуллин мұражайының директоры Құдайберлі Мырзабек, ақын, жазушы, ҚР Журналистер Одағы Ақмола облыстық бөлімшесінің төрағасы, «Көкшетау» газетінің бас редакторы Серік Жетпісқалиев, облыстық халық шығармашылығы және мәдени демалыс орталығының мәдени-демалыс жұмысын ұйымдастыру бөлімінің басшысы Асылбек Әбенов қазылық етті.

Айтыс қорытындысы бойынша Ақмола облысы Ерейментау ауданының өкілі Сәттібек Серікболатұлы бас жүлдеге ие болды.

«Бүгін өте маңызды шығармашылық жарыс өтті, онда қатысушылар Қазақстанның Тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктерін және қазақтың ұлы ақыны Жамбыл Жабаевтың шығармашылығын жырлады. Айтыскерлердің әрқайсысы шеберліктің жоғары деңгейін көрсетті. Байқаудың жеңімпазы атанғаныма өте қуаныштымын. Ұйымдастырушыларға үлкен алғысымды білдіргім келеді», - деді С. Серікболатұлы.

Айтыстың жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне дипломдар, бағалы сыйлықтар мен естелік кәдесыйлар табыс етілді.


Соңғы жаңалықтар