Көкшетауда «Жамбыл» тарихи фильмінің тұсаукесері өтті (ФОТО)

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Көкшетауда жыр жампозы Ж.Жабаевтың 170 жылдық мерейтойына арналған «Жамбыл» тарихи фильмінің тұсаукесері өтті.

Еске сала кетсек, биылғы жылы бүкіл еліміз бойынша Жыр жампозы, ақын Жамбыл Жабаевтың 170 жылдық мерейтойы аталып өтілуде. Халықтың сүйіктісі атанған қарт ақынның мерейтойы қарсаңында «Қазақстан» ұлттық телеарнасының төл туындысы - «Жамбыл» фильмі жарыққа шыққан болатын. Кино желісінде Жамбылдың өмір жолы ғана емес, тұтас ұлттың тағдыры суреттелген.

Тарихи драмада «Бала Жамбылдан дана жырау Жамбылға» дейінгі өмір жолы көрініс тапқан. Бүгін Көкшетаудағы «Достар» мәдениет сарайында «Қазақстан-Көкшетау» телеарнасының ұйымдастыруымен аталған тағылымы мол, тарихи драманың тұсауы кесілді.
Жыр алыбының өнегелі өмір жолына арналған төрт сериялық тарихи драма сан қилы оқиғаларға бай. Атағы дүркіреген Сүйімбай ақынды пір тұтып, батасын алған шопанның ұлы Жамбыл сөз өнерімен ел арасына танылып, сал-серілік өмір кешеді.

Айтыстың жампозы, халықтың сыйлысы атанған қарт Жамбыл Мәскеу сахнасында қазақ өнерін паш ету үшін Алаш ардақтыларымен бірге қызылдар астанасына аттанады. Сол сапарда бұлбұл дауысты Күләш Бәйсейітова әнімен көпшіліктің ыстық ықыласына бөленсе, Жамбыл қазақтың киелі қара домбырасын дүйім жұртқа паш етеді. Көп ұзамай Сталин Әулие ата қаласын, Жамбыл деп өзгертуге өкім шығарады. Бірақ, бұл жаңалық ақынды қуантқан жоқ. Себебі, Голощекин кезеңіндегі ашаршылық елді күйретіп жіберсе, Кеңес үкіметінің солақай саясатынан қазақтың мүддесін ойлаған зиялы қауым өкілдері қуғын-сүргінге ұшырайды.

Кино желісінде Жамбылдың өмір жолы ғана емес, тұтас ұлттың тағдыры суреттелгені осы тұста айқын көрінеді. Тағы бір жүректі тебірентетін оқиға. Жамбылдың сүйікті ұлы Алғадайдың Ұлы Отан соғысына аттанған кезі. Әке сүйспеншілігі басым болса да, ақын ұлының жолына бөгет болмады. Ел басына күн туған кезеңде өрімдей қазақ жігіттерінің қан майданға жөнелтілген сәті көрерменге әсерлі жеткізілген. Ал 1943 жылы соғыс даласынан келген қаралы хабардан қайғы жұтқан қарт Жамбылдың денсаулығы сыр береді.

Жалпы фильмде ойнаған актерлердің кәсіби шеберлігі де киноның әрін ашқан. Әсіресе, басты кейіпкердің рөлін сомдаған белгілі актер Байғали Есенәлиевтің жыр алыбы Жамбылдың шынайы бейнесін жеткізе білген.

Драманың қоюшы-режиссері - Әнуар Райбаев.
null null null null

Соңғы жаңалықтар