Көкшетауда ҰОС ардагерін 90-жылдық мерейтойымен құттықтады

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Бүгін Ақмола облысы әкімінің атынан Көкшетау қаласының құрметті азаматы Асылбек Дәулетовты 90-жылдық мерейтойымен құттықтады, деп хабарлады облыс әкімінің баспасөз қызметінен.

Ақсақал 1943 жылдан 1950 жылдар аралығында Ұлы Отан соғысына қатысып, соғыстан кейінгі жылдары Кеңес әскері қатарында борышын өтеген. Асылбек Жәзиұлы Карель, 3-Украин майдандарында өткен ұрыстарға және Румыния, Венгрия, Австрияны жаудан азат етуге қатысқан. Майдандағы ерлігі үшін 1-інші дәрежелі Отан соғысы орденімен және екі «Ерлігі үшін» медальдарымен марапатталған. Асылбек Жәзиұлы Лоймола қаласының оңтүстік-шығысына қарай 6-7 км қашықтықта финдермен болған шайқаста өз ротасының қаза тапқан 44 жауынгерінің сүйегін іздеуге көмектескен. Сондай-ақ, ардагерөзінің майдандас-достарының есімдерін мәңгілікке қалдыру жұмыстарына белсене араласып, 1987 жылы жеке қаражатына «Боевой путь 99-й гвардейской Свирской ордена Кутузова II степени воздушно-десантной дивизии» деп аталатын кітапты 1300 данамен басып шығарған. 11 жыл бойы Ленинград аудандық атқару комитетінің төрағасы болып қызмет атқарған жылдарын ақсақал өз еңбек қызметінің шарықтау шегі деп санайды. Тура осы жылдары Асылбек аға екі Еңбек Қызыл Ту және төрт - «Құрмет белгісі» ордендері сияқты үкіметтік марапаттарға ие болған. Одан басқа ҰОС ардагері екі рет Қазақ ССР-інің Жоғарғы Кеңесі Президиумының Құрмет Грамотасымен, «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталған. Облыстық кеңестің депутаты, облыстық компартия мүшесі, Қазақстан Компартиясы XIV съезінің делегаты (1976 ж.) болған. Кездесу барысында ақсақал көрсетілген құрмет үшін алғысын айтып, болашаққа сеніммен қараған тәуелсіз елді көру бақыт екенін айтты. Ардагер сондай-ақ, отандастарына жастарды патриоттық рухта тәрбиелеуді де ұмытпауды атап өтіп, еліміздің амандығын тіледі.

Соңғы жаңалықтар