Көкшетауда Ұлы Жеңістің 69 жылдығына арналған митинг өтуде

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Барша отандастарымыздың ерлігімен және жанқиярлық еңбегімен мүмкін болған қастерлі мерекені ақмолалықтар бар сән-салтанатымен атап өтуде.

Бұл күн де күлімдеп, бейбіт өмір сыйлаған ардагерлерге алғысын айтуға асыққандай. Осыдан 69 жыл бұрын Жеңіс тойын қарсы алған жерлестеріміздің биылғы ұлы мерекені де мамыражай көңіл күйде, қуанышпен қарсы алғандары көрініп-ақ тұрды. Көкшетау қаласының тұрғындары кешегі сұрапыл соғыстан аман-есен туған жерге оралып, көненің көзі болып отырған ардагерлерге құрмет көрсетуге, Отан үшін жандарын пида еткен жауынгерлер рухына тағзым етуге асықты.

Облыс әкімі Қосман Айтмұхаметов, облыс әкімінің орынбасарлары, ҚР Парламенті Сенатының депутаты Жабал Ерғалиев, соғыс және еңбек ардагерлері, облыстық және қалалық кәсіпорын-ұйым, мекемелердің басшылары үрлемелі аспаптар оркестірінің сүйемелдеуімен Даңқ аллеясы бойымен жүріп өтіп, «Мәңгілік алау» ескерткішіне гүл дестелерін қойды. Салтанатты митингіде өңір басшысы Қосман Айтмұхаметов құттықтау сөз алып, елімізді зұлым жаудан қорғап қалған ардагерлердің атына ізгі тілегін жолдады.

«Жеңіс күні - барша халыққа ортақ қасиетті мереке. Бұл күннің қадірі әр қазақстандық отбасы үшін айрықша. Себебі, бұл күн адамзаттың жүрегіне өшпес жара салған зұлмат соғыстың аяқталған күні. Қан майданның алғы шебінде жанқиярлықпен шайқасқан ардагерлер де, жанкешті еңбегімен жеңісті жақындатқан барша тыл еңбеккерлері де, кейінгі бейбіт өмірде дүниеге келген ұрпақ та Жеңіс күнін ерекше қастерлейді», - деді облыс әкімі өзінің құттықтау сөзінде.

Бұдан кейін митингте құттықтау сөз алған Ұлы Отан соғысының ардагері Николай Дериглазов, 5510 әскери бөлімінің командирінің орынбасары Кенжеболат Балтабаевтың тілектерінен де Ұлы Жеңістің маңызы, ардагерлерге деген мәңгілік құрмет айқын сезілді. Соғыста шәйіт болған жандар бір минуттік үнсіздікпен еске алынып, Көкшетау техникалық институтының курсанттары ұрыс даласынан оралмаған жауынгерлер рухына арнап аспанға қарудан оқ атты.

Халқымыздың жанқиярлық ерлігімен келген Ұлы Жеңіс ұлықталған салтанатты митинг дәл осындай жан толқытарлық сипаттаТәуелсіздік алаңында жалғасуда. Мұнда әскери киіммен жасанған жас ұрпақ өкілдері би билеп, ән айтып, мерекенің сәнін қыздыра түсуде. Ардагерлерге деген шексіз құрметпен театрландырылған көрініс қойылып, Көкшелік көркемөнерпаздар патриоттық әндерді шырқауда.

Ұлы Жеңістің 69 жылдығына арналған осы тектес іс-шаралар облыстың барлық қалалары мен аудандарында өтуде.

Соңғы жаңалықтар