Көкшетауда тілдер онкүндігі басталды

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат – Ақмола облысында Қазақстан халқы тілдері күні шеңберінде тілдер онкүндігі басталды.

Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Ғалым Шойкин айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі облыстық ішкі саясат басқармасына сілтеме жасап.

Брифингте басқарама басшысы тілдер онкүндігі шеңберінде өткізілетін шараларға тоқталды.

«Жыл сайын Қазақстан халқы тілдері күні шеңберінде ұйымдастырылатын тілдер онкүндігін биылғы жылы қыркүйек айының 5-20 аралығында өткізу жоспарланып отыр. Осы аралықта 300-ден астам шара ұйымдастырылады. Бүгін облыстағы барлық мекемелер мен ұйымдар арасында Тілдер күні мерекесін атап өту басталып кетті. Мұндағы басты мақсат - мемлекеттің тіл жөніндегі саясатын жүзеге асыру болып табылады», - деді Ғалым Шойкин.

Биылғы жылы тілдер онкүндігін өткізу бойынша іс-шаралардың облыстық жоспары бекітілген. Онкүндікте Қазақстанда тұратын этностардың тұрмысы, тарихы және мәдениетін көрсететін, этностар арасында бірлік пен түсіністік, тіл білгірі байқауы, поэзия кештері, интелектауалды жарыстар, дөңгелек үстелдер мен ғылыми конференциялар өткізілетін болады.

Жастардың қатысуымен «Қазақ тілім – мәңгі жасар байлығым» форумы, «Текті сөздің төресі – терме» байқауы, «Тілдарын» олимпиадасы сияқты шаралар да қарастырылған.

Тілдер онкүндігі шеңберінде халқымыздың атақты жазушылары және қоғам қайраткерлері - Біржан салдың - 185 жылдығы, Абайдың - 175 жылдығы, Бейімбет Майлиннің, Сәкен Сейфуллиннің, Ілияс Жансүгіровтың - 125 жылдығы, Сәкен Жүнісовтың – 85 жылдығы, сондай – ақ, Фариза Оңғарсынованың - 80 жылдық мерейтойы аталып өтеді.

Сонымен қатар, тілдер онкүндігінде латын графикасына көшу мәселесіне де назар аударылады.


Соңғы жаңалықтар