Көкшетауда тастың астында қалған экскаваторшы екі аяғынан айырылды

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысында алтын өндіретін кеніште тастың астында қалған экскаваторшы екі аяғынан айырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақмола облыстық ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Алма Раеваның айтуынша, 25 жастағы экскаваторшының аяғын сақтап қалуға мүмкіндік болмады. Ұзақ уақыт бойы бірнеше тонна тастың астында езіліп, қимылсыз жатқан оның аяқтары жансызданып кеткен.

«Науқас бізге сағат 19:50-де түсті. Ол ұзақ уақыт тас үйіндісінің астында жатты. Аяғы езілгендіктен бірден ота жасалып, дәрігерлер оның аяғын кесуге мәжбүр болды», деп түсіндірді Алма Раева ҚазАқпарат тілшісінің сауалына.

Еске сала кетейік, осыған дейін хабарлағанымыздай 21 шілде күні таңғы сағат 08:00-дер шамасында «Алтынтау-Көкшетау» ЖШС ашық кенішінде тау жынысын қопарып жатқан экскаватордың үстіне тастардың үйіндісі құлаған болатын.

Тас ауыр техниканың жүргізушісі отырған кабинасын басып қалады. Сөйтіп, тас құрсауында қалған 1993 жылғы жүргізуші 11 сағатқа жалғасқан құтқару жұмыстарынан соң ғана босатылды. Кейін жедел жәрдем қызметі оның Ақмола облыстық ауруханасына алып кетеді.

Соңғы жаңалықтар