Көкшетауда суға ағып бара жатқан баланы құтқарып қалған азаматтың есімі белгілі болды

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Көкшетауда суға ағып бара жатқан баланы құтқарып қалған жігіттердің бірі - 17 жастағы Зеренді ауданының тумасы Темірлан Шәріпбаев. Ол Көкшетауда «құтқарушы» мамандығы бойынша білім алып жүр. Болған оқиға туралы толығырақ кейіпкер мен оның әкесі ҚазАқпарат тілшісіне баяндады.

«Бұл баланың емес, нағыз азаматтың әрекеті». Көкшетаулықтар суға ағып бара жатқан баланы жолда кетіп бара жатқан жігіттердің құтқарып қалуын осылай атады.

Бала кезінен құтқарушы болуды армандаған Темірлан бұл әрекетін батырлық деп санамайды.

«Темірлан Зерендіде педагогтар отбасында өсті: мен жаттықтырушымын, анасы - мұғалім. 9 сынып бітіргеннен кейін Азаматтық қорғаныс көп салалы колледжіне түсті», - деді жігіттің әкесі Талғат Шәріпбаев.

Әкесінің айтуынша, ол жаттығудан келе жатып, өзеннің маңындағы адамдарды көрген.

«Сол сәтте ол менімен телефон арқылы сөйлесіп келе жатқан. Маған баланың суға батып бара жатқанын және оны құтқаратынын айтты. Тіпті телефонды сөндірместен кетіп қалды, мен бәрін естіп тұрдым», - деді ер адам.

«Мен көпірдің үстімен үйге бара жатып төменде адамдарды және айқайлап жатқан баланы көрдім. Сонда жүгіріп бардым. Бала 8-9 жаста, ол алдындағы мұзды жарып, суға ағып бара жатты. Мен мұзды жарып, оған қарай бардым. Біреулер арқан лақтырып жатты, бірақ су таяз болды. Кейін тағы бір ер адам келіп, онымен бірге баланы жағаға алып шықтық. Бір апай менің көліксіз екенімді көріп, мені колледждің жатақханасына дейін жеткізіп тастады. Онда мені комендант күтіп алып, жылы киім мен аяқ киім, шәй берді», - деді Темірланның өзі.

Әзірге екінші кейіпкердің кім болғаны белгісіз.

«Ол 25 жастағы ер адам еді. Абдырап қалмай, маған көмектескені үшін рахмет», - дейді Темірлан.

Еске салайық, 3 қарашада Көкшетауда жолда кетіп бара жатқан жігіттер мұз қатып үлгермеген Қылшақты өзенінде суға батып бара жатқан баланы құтқарып қалды. Көкшетаулықтар бұл әрекетті марапатқа лайық деп есептейді.

Соңғы жаңалықтар