Көкшетауда студенттік ассамблеялар фестивалі өтті

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Қазақстан халқы Ассамблеясының 25 жылдығын мерекелеу аясында Көкшетау қаласының жоғары оқу орындарының арасында студенттік ассамблеялар фестивалі өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі «Қоғамдық келісім» баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Шараға жергілікті жоғары оқу орындары мен колледждердің студенттері қатысты. Бүгінгі күні аталмыш білім ордаларында студенттік ортада этносаралық келісім мен толеранттылықты нығайту, демократиялық нормаларға сүйенетін студенттердің саяси-құқықтық мәдениетін қалыптастыру үшін қолайлы жағдай жасау мақсатында Студенттік Ассамблеялар құрылып, жұмыс істеуде.

Бұл жолғы шараның мақсаты - жастардың белсенді өмірлік ұстанымдарын қалыптастыру, жастардың өзіндік шығармашылығын дамыту, студенттер арасында достық және іскерлік байланыстарды орнату.

«Фестиваль барысында 7-10 адамнан тұратын командалар бес байқау бойынша сынға түсті. Алдымен командалар өздерін таныстырса, кейін «Қазақстан халқы Ассамблеясы миниатюрада» атты театрландырылған қойылымын көрсетіп, «Интеллектуалдық викторина» сұрақтарына жауап берді. Сонымен бірге, «Егер мен этномәдени бірлестіктің жетекшісі болсам ...» капитандар сайысында жарысты және соңында тақырыптық музыкалық нөмірін көрсетті», - дейді «Қоғамдық келісім» баспасөз қызметіндегілер.

Сайыстарда қатысушылар білімдерін, эрудициясын ғана емес, шығармашылық, музыкалық қабілеттерін, тапқырлығын, нағыз көңілді тапқырлар ретіндегі жоғары орындаушылық шеберліктерін көрсету керек болды. Дәл осы критерийлер бойынша қазылар алқасы командалардың өнерін бағалады. Қазылар алқасының шешімімен бірінші, екінші және үшінші орындарды сәйкесінше, Көкшетау техникалық институты, А.Мырзахметов атындағы Көкшетау университеті және Ш.Уәлиханов атындағы КМУ командалары өзара бөлісті.

Ал, Ақмола облысының әкімі, Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының Гран-при жүлдесіне Гуманитарлық-техникалық академиясының командасы лайық деп танылды. Қатысушылар бағалы сыйлықтарымен марапатталды.


Соңғы жаңалықтар