Көкшетауда сотталушы түрме қызметкеріне пара бермек болған

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат  - Көкшетаудағы «ЕЦ-166/24» түзету мекемесінде  жазасын өтеп жатқан сотталушы түрме қызметкеріне пара бермек болған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі Ақмола облысы сотының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ведомствоның дерегі бойынша Көкшетау қалалық сотында Солтүстік Қазақстан облысы Петропавл қаласының 1992 жылғы тұрғынына қатысты ашық сот отырысы өтті. 26 жастағы ер адам осыған дейін Солтүстік Қазақстан облысы Қызылжар аудандық сотының үкімімен ҚР ҚК  106 бабының 3 бөлігі бойынша 5 жыл 6 ай мерзімге сотталған. 2017 жылдың 31 тамызында Петропавл қалалық сотының қаулысымен Көкшетаудағы «ЕЦ-166/24» түзету мекемесінде жазасын өтеу үшін ауыстырылды.

Ағымдағы жылдың 2 ақпанында сотталушы түрменің тәрбие жұмысы бойынша жасақ басшысына түзету мекемесінің сыртына демалыс күндері 9-дан 18 сағатқа дейін босатып отыру түрінде көтермелу мүмкіндігін сұрайды. Алайда, сотталушының тәртібінде көтермелеуге еш себеп болмағандықтан оған қолданыстағы заңнамаға сәйкес ешқандай жеңілдік берілмейді. Осыны ескерген түрме қызметкері сотталушының әрекетіне қатысты Ақмола облыстық ІІД Ішкі қауіпсіздігі басқармасына жазбаша рапортпен жүгінген.

Кейін, 9 ақпанда кешкі сағат 20:00 кезінде түзету мекемесі қызметкерінің жеке кабинетіндегі үстелдің үстіндегі журналдың арасына 10 мың теңге ақша қалдырып жатқан кезде пара беруші сотталушы ұсталды.

«Осыған орай, Көкшетау қалалық соты түрме қызметкеріне пара бермек болған сотталушыны ҚР ҚК 24 бабының 3 бөлігі, 367 бабының 1 бөілімі бойынша айыпты деп танып, 200 мың теңге айыппұл салды. Сондай-ақ, ҚР ҚК 60 бабының 1 бөлігі бойынша өтеп жатқан жаза мерзімі 5 ай 14 күнге ұзартылды.  Оған қоса, сотталушы өмір бойына мемлекеттік қызмет, сот, өзін өзі басқару органдары, ҚР Ұлттық банкі және елу пайыздан астап үлесі бар мемлекеттік ұйымдар мен еншілес компанияларда жұмыс істеу құқынан айыру жазасын тағайындады», деп түсіндірді Ақмола облыстық сотының баспасөз қызметі.

Соңғы жаңалықтар