Көкшетауда шығарылған алғашқы мүгедектерге арналған арбалар тапсырылды

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Көкшетауда шығарылған алғашқы мүгедек арбасы мүмкіндігі шектеулі жандарға тапсырылды. Бұл туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаевтың іс-сапармен Көкшетау қаласына барған кезде белгілі болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Сапар барысында министр атаулы әлуеметтік көмекті көрсету, халықты жұмыспен қамту, мүгедектікті, еңбек қабілеттілігінен айырылу деңгейін белгілеу және әлеуметтік қорғау шараларына қатысты атқарылып жұмыстарының барысымен танысты. Осы мақсатта Бердібек Сапарбаев Көкшетау қаласындағы «Тыныс» акционерлік қоғамының зауытында болып, электр қозғалтқышты мүгедектер арбасын құрастыру жұмыстарына назар аударды.

Кәсіпорынның бас директоры Қайрат Қалманбаевтың айтуынша, бүгінгі таңда мүгедектер арбасы елімізде мүлдем шығарылмайды. Негізінен Ресей, Қытай және Еуропа елдерінен тасымалданады. Бұл жолғы алғашқысы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің тапсырысы бойынша жасалып отыр.

«Бұл серуендейтін электр қозғалтқышты мүгедектерге арналған арба. Оның салмағы 70 келі шамасында. Арба 15 және 30 шақырымға арналған екі аккумулятормен жабдықталған. Ал, жылдамдығы сағатына 6 шақырымды құрайды», дейді кәсіпорынның бас директоры Қайрат Қалманбаев.

Зауыт басышылығы атап өткендей, электр қозғалтқышы істен шыққан кезде арбаны қолмен итеріп жүруге де болады. Сондай-ақ, жинап автокөліктің жүк салғышына да салуға ыңғайлы. Қосалқы бөлшектерді де осы кәсіпорыннан алуға болады. Ересектер мен балаларға арналған бұл мүгедектер арбасының құны шамамен 1 миллион теңгені құрайды.


Зауыт ұжымымен кездескен министр Ақмола облысына жұмыс сапарының мақсаты туралы айта келе, Көкшетауда құрастырылатын мүгедектер арбасының мүмкіндігі шектеулі жандардың көңілінен шығып, сұраныс артып жатса жаппай тапсырыс беруге әзір екенін атап өтті. Сондай-ақ, шетелден өнім сатып алғаннан гөрі отандық өндірісті дамыту қажеттігіне тоқталды.


«Елімізде 14 мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі жан мүгедектер арбасына зәру. Біз әр 5 жыл сайын бұл арбаларды ауыстырып отыруымыз керек. Яғни, орташа алғанда жылына 2 мың арба қажет деген сөз. «Тыныс» зауытында шығарылып жатқан арба мүгедектердің көңілінен шығады деген ойдамыз. Қандайда бір шешім қабылдамас бұрын біз бұл арбаларды мүгедектерге отырғызып, олардың пікірін біліп алуымыз керек. Егер олардың көңілдерінен шығып жатса, әрине, мемлекет тарапынан тапсырыс береміз. Бізге әрине, шетелден қымбатқа сатып алғанша, өзімізде шығарылған өнімді кәдеге жаратқанымыз маңызды. Бұл отандық өндірісті дамытуға мүмкіндік берсе, енді бір жағынан жаңа жұмыс орындарының ашылуына септігін тигізеді», деді Бердібек Сапарбаев зауыт ұжымымен кездесуінде.


Мүгедектерге арналған алғашқы екі арба 1-ші топтағы мүгедектер Щучинск қаласының тұрғыны Динара Әлиева мен 22 жастағы көкшетаулық Ерлан Ескенге тапсырылды.


Бұдан кейін, министр Көкшетау қаласында атаулы әлеуметтік көмекті тағайындаудың тетіктерін түсіндіру бойынша селекторлы жиын өткізді. Онда Ақмола облыстық жұмыспен қамтуды және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының басшысы Дина Ахметжанованың есебі тыңдалды.

Сонымен қатар, Бердібек Сапарбаев Макинск қаласында Бұланды аудандық жұмыспен қамту орталығының жұмысымен танысты.

Соңғы жаңалықтар