Көкшетауда Шоқан Уәлиханов мұрасына арналған халықаралық конференция өтті
2020 жылғы 15 мамыр 21:01

Көкшетауда Шоқан Уәлиханов мұрасына арналған халықаралық конференция өтті

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Бүгін Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінде Қазақ халқының тұңғыш ағартушы ғалымы Шоқан Уәлихановтың 185 жылдығына арналған «Шоқан оқулары - 24» тақырыбында халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі облыстық ішкі саясат басқармасына сілтеме жасап.

Ерекше форматта өткен онлайн конференцияға Ақмола облысы әкімінің әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары Айна Мысырәлімова қатысып, құттықтау сөз сөйледі.

Конференцияға еліміздің және таяу шығыс елдерінен, сондай-ақ Венгрия, Моңғолия, Ресейдің белгілі ғалымдары белсенді түрде қатысып, өз тәжірибелерін бөлісті.

Маңызы зор тағылымды конференцияға 300-ден астам ғылыми мақала ұсынылып, 4 томнан тұратын электронды форматта жинақ шығарылды.

Ағартушы ғалымның құрметіне арналған ғылыми конференцияның пленарлық отырысында қазақстандық және Ресейдің танымал ғалымдары тың зерттеулерімен келіп, мағыналы да маңызды баяндамалар жасады.


Атап айтсақ, Ш. Уәлиханов атындағы КМУ профессоры, тарих ғылымдарының докторы Қадыржан Әбуов «Шоқан Уәлихановтың Петербургтегі өмірінен қызықты фактілер», Алматы қаласындағы Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Зиябек Қабылдинов «Қазақтың ұлы ханы Абылайға байланысты тың мұрағаттық деректер», Омбы мемлекеттік педагогикалық университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы Михаил Чуркин «Ұлы Дала халқының XIX-XX ғасырлардағы саяси өмірі», Түмен мемлекеттік университеті Геоэкология және табиғатты пайдалану кафедрасының меңгерушісі, биология ғылымдарының докторы, доцент Анна Синдиреваның ерекше қызықты баяндамасы, Ш.Уәлиханов атындағы КМУ доценті, филология ғылымдарының кандидаты Сәбит Жәмбек «Эпостанудағы Шоқанның ғылыми ұстанымдары» тақырыбындағы тың зерттеулері бойынша жазылған тағылымды баяндамалары конференция қатысушыларын ерекше толғандырды.

Шара барысында еліміздегі бірқатар жоғары оқу орындарының ұстаздары мен жас ғалымдары конференция қатысушыларына сауалдарын қойып, жауап алды.

Әсіресе Шоқанның Парижге сапары, ғалымның Сырымбетте дүниеге келуі, Ұлы Дала халқының мәдениеті, Шоқан Уәлиханов тұлғасын зерттеген ғалымдар туралы, әрі Шоқанның әдебиеттанушы ғалым екендігі туралы толық зерттеліп, әлі де болса нақты айтылмай жүрген жақтарына баса назар аударылды.


Jańalyqtar

MURAǴAT