Көкшетауда саяси қуғын-сүргін мен ашаршылық құрбандары еске алынды

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Көкшетаудағы ескі мұсылмандар зиратында Кеңес одағының батыры Мəлік Ғабдуллиннің анасы Əлия Оспанқызына, көрнекті дін қайраткері Науан Хазіретке жəне халқымыздың біртуар перзенті Сəкен Сейфуллиннің ұлы Аянға құран оқылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Саяси қуғын-сүргін мен ашаршылық құрбандарын еске алу күніне орай, бұл шараны Мəлік Ғабдуллин музейі мен «Ел бірлігі» қоғамдық бірлестігі ұйымдастырды. Дұғаны Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Ақмола облысындағы өкіл имамы Қуаныш Жұмабайұлы бағыштады. Бұдан соң Көкшетау қалалық соғыс және еңбек ардагерлері кеңесінің төрағасы Шияп Әлиев жұртшылыққа сол бір зұлмат қасіретті кезең туралы айтып берді. Сəкен Сейфуллиннің осы зиратта жерленген ұлы Аян 1936 жылы қараша айында дүниеге келген. Кейбір деректерде заңғар жазушы Мұхтар Əуезов сəбидің есімін қойғаны туралы айтылады. Өкінішке орай, Аянның ғұмыры ұзақ болмады, ол небары екі жасында сол зұлматтың салдарынан көз жұмды.
null

Бұдан соң «Қазақ тілі және мәдениеті» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Мейрамбек Қиықов, еңбек ардагерлері Айдос Әбутәліпов пен Мұрат қажы Ыдырысұлы және өзге де танымал ел ағалары ашаршылықты басынан өткермеген кейбіреулер бұл зұлматты аңыз секілді қабылдағанымен, сұрапыл нәубет халқымыздың бастан кешкен шынайы тағдыры екенін айтып, лагерьлерде ұлтымыздың ардақты азаматтары мыңдап құрбан болғанына тебірене тоқталды.

«Ашаршылық, қуғын-сүргін жылдары қан ішіп, қара жамылмаған қазақ жоқ. Соның салдарынан ұлтымыздың тең жартысы қырғынға ұшырады», - дей келе, Мейрамбек Қиықов саяси қуғын-сүргін жылдары қаза тапқан жерлестеріміз Әбілхайыр Досов, Асылбек Мұстафин, Зарап Темірбеков, Сабыр Шәріповтің есімдерін ерекше атап өтті.

Еске алу барысында саяси қуғын-сүргін құрбандарының рухына арналып өлеңдер оқылды. Осы күні аймақ басшысы Мәлік Мырзалин ақсақалдармен бірге тарихи тұлғалар жерленген жерлерде болып, тағзым етті.

«Бүгін, сол жылдардағы оқиғаларды бойымызға сіңіре отырып, өткеніміздің қандай ауыр болғанын сеземіз. Жеңіс пен сәтсіздік, қуаныш пен қайғы қатар шапқан заманнан сабақ алып, халқымыздың тарихы мен тағдырына аса қаморлықпен қарауымыз қажет», - деп атап өтті М.Мырзалин. 

nullnullnull

Соңғы жаңалықтар