Көкшетауда сауда үйіндегі күдікті сөмке үшін 80 адам эвакуацияланды

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Көкшетауда белгісіз әйел қалдырып кеткен сөмкенің салдарынан сауда үйіндегі 80 адам қауіпсіз жерге шығарылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі Ақмола облыстық ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ведомствоның дерегінше, қаңтардың 17-де сағат 17:14 шамасында Көкшетау қалалық ПБ «102» арнайы желісіне облыс орталығындағы сауда үйлерінің бірінің әкімшісі хабарласып, төмеңгі қабаттағы супермаркеттің жеке заттарды сақтау ұяшығына белгісіз әйелдің 20 минут бұрын қара түсті матадан тігілген сөмке қалдырып кеткенін айтқан.

«Әйелдің айтуынша, осыған дейін полиция қызметкерлері терроризмге қарсы лекция өткізген. Сөмке күдік туғызғандықтан сауда үйінің әкімшісі құқық қорғау органдарына хабарлаған», - деді ведомстводан.

ПД баспасөз қызметінен атап өткендей, оқиға орнына шұғыл ПБ жедел тергеу тобы, ТЖ, ҰҚКД қызметкерлері және 2 бірлік өрт сөндіру техникасы мен 1 жедел жәрдем қызметінің бригадасы жетті.

«Полицейлер сауда үйінің айналасын қоршап, автокөлік қозғалысына шектеу қойды, ғимараттың ішінде болған 80 адам қауіпсіз жерге шығарылды. Сөмкені тексеру кезінде ішінен адам денсаулығы мен өміріне қауіп төндіретін зат табылмады. Сөмкенің ішінде құжаттар ғана болды»,- деп толықтырды ведомстводан.



Соңғы жаңалықтар