Көкшетауда сауда үйінде шыққан өртке қатысты тың деректер анықталды

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Көкшетауда сауда үйінде шыққан өртке қатысты тың деректер анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі ҚР ІІМ ТЖК ресми өкілі Руслан Иманқұловқа сілтеме жасап.

Осыған дейін хабарлағанымыздай бүгін 12:35-те Көкшетау қаласының Әбілқасымов көшесі, 95 «А» мекенжайында орналасқан екі қабатты «Триумф» сауда үйінің шатыры мен қабырғасының сыртқы қаптамасы өртке оранған болатын. ТЖК дерегі бойынша өрт 13:05-те ауыздықталып, 13:22-де толықтай сөндірілді. Өрт салдарынан ғимараттың сырты бүлінді. Жалын 400 шаршы метр ауданды шарпыды.

«Тілсіз жауды ауыздақтауға ТЖД жеке құрамынан 45 қызметкері мен 9 арнайы өрт сөндіру техникасы жұмылдырылды. Құтқарушылар 70 адамды қауіпсіз жерге шығарды», деп көрсетілген болатын хабарламада.

Абырой болғанда адам шығыны болған жоқ, сондай-ақ, ғимаратың ішіне де залал келген жоқ. Оқиғаның куәгерлері сатушылардың айтуынша, өрт сауда үйінің іргесінде тұрған қоқыс жәшігінен шығып, кейін ғимараттың қабырғасын шарпыған көрінеді.

Дегенмен, ведомствоның келтірген мәліметі бойынша, ағымдағы жылдың сәуір айында жүргізілген тексеріс барысында аталмыш сауда үйінде өрт қауіпсіздігі бойынша 32 заңсыздыққа жол берілген. Қазіргі кезде, өрттің нақтылы қайдан шыққаны анықталуда және келтірілген материалдық шығын көлемі есептелуде.

Соңғы жаңалықтар