Көкшетауда Сәкен Сейфуллиннің 125 жылдығына орай ғылыми конференция өтті

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Көкшетауда белгілі қоғам және мемлекет қайраткері ақын, қазақ әдебиетінің негізін қалаушыларының бірі​ Сәкен Сейфуллиннің туғанына 125 жыл толу құрметіне байланысты «Кербез Көкшенің ақиығы – Сәкен Сейфуллин» атты ғылыми конференция өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Салтанатты шараға еліміздің Нұр-Сұлтан, Алматы және Қарағанды қалаларынан келген танымал тарихшылары мен әдебиетшілері, зиялы қауым өкілдері, Сәкен Сейфуллиннің ұрпақтары мен жерлестері қатысты.

Шарада өңір басшысы Ермек Маржықпаев Сәкен Сейфулиннің мерейтойын атап өту қазақстандықтардың рухани өмірін арттыруға бағытталғанына тоқталды.

«Сәкен Сейфуллиннің есімі бұл ел тарихында алтын әріппен жазылған. Оның шығармашылығы мен өмір жолын зерттеу келешек ұрпақ үшін маңызы зор», – деп атап өтті облыс әкімі.

Сонымен қатар, өңір басшысының бастамасымен Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінде Тұрсынбек Кәкішев орталығы ашылатын болды. Ақмола облысының тумасы, филология ғылымдарының докторы Тұрсынбек Кәкішевтің Сәкенді тануда еңбегі мол. Ол Сәкен туралы 16 ғылыми-зерттеу кітабын жазған. Оның ішінде Абай мен Сәкеннің еңбектері терең зерттелген.

«Тұрсынбек Кәкішев әдебиет туралы түрлі ғалымдарды зерттеді. Сәкен Сейфуллин зерттеу оның ең сүйікті ісі еді», – дейді Тұрсынбек Кәкішевтің жесірі, Әль-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Күләш Ахметова.

Сонымен қатар, шарада қазақ мәдениеті мен әдебиетінің дамуына қосқан Сәкен Сейфуллиннің рөлі туралы танымал қоғам қайраткері Оралбай Әбдікәрімов, С.Сейфуллин музейiнiң директоры Несiпбек Айтұлы, , Е.Бөкетов атындағы ҚарМУ профессоры, филология ғылымдарының докторы Жандос Смағұлов, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Аманжол Әлтаев, Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің доценті Сәбит Жәмбек, сондай-ақ, сахнада Сәкеннің рөлін сомдап жүрген актер, драматург Қанат Жүнісов өзінің жылы лебіздерін білдірді.

Соңғы жаңалықтар