Көкшетауда «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыруға атсалысқандар марапатталды

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысының ішкі саясат басқармасы «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру шеңберінде өткен жылы атқарылған жұмыстардың қорытындысын шығарды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жиынға Ақмола облысы әкімінің орынбасары Айна Мысырәлімова, облыстық ішкі саясат басқармасының басшылары, өңірдегі аудан және қала әкімдерінің орынбасарлары, ішкі саясат бөлімдерінің өкілдері, бұқаралық ақпарат құралдарының қызметкерлері қатысты.

Жиынды ашқан Ақмола облыстық ішкі саясат басқармасы басшысы Гүлжанар Шөкеева «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша өңірімізде қыруар жұмыстың тындырылғанын атап көрсетті.

Солардың ең бастылары Сандықтау, Бурабай, Жақсы, Целиноград, Бұланды аудандары мен Степногорск қаласында шоғырланғандығын айта кеткен жөн.

«Сандықтау ауданында «Туған жер» кіші бағдарламасы шеңберінде меценаттардың арқасында 25-тен астам нысан жөнделіп, жаңадан салынды. Степногор қаласында әлеуметтік мәселені шешуге үкіметтік емес ұйымдар белсене қатысуда. Оның ішінде «Луч» қоғамдық бірлестігі «Таным» сыйлығымен марапатталып отыр. Бурабай ауданындағы Абылай хан алаңында Елбасының қатысуымен «Біржан-Сара» операсы қойылды. Жақсы ауданында бірінші болып «Рухани жаңғыру» кабинеті ашылды. Баубек батырдың 180 жылдығына арналған халықаралық конференция ұйымдастырылды. Гуманитарлық бағыттағы «Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулықтың» он сегізі Жақсы мектептеріне берілді. Целиноград ауданында «Атамекен» кіші бағдарламасы ойдағыдай жүзеге асырылуда. Бұланды ауданында көптеген шаруалар атқарылып жатыр. Сонымен қатар білім, мәдениет саласында көптеген шаралар назардан тыс қалмаған. Облысымыз рухани құндылықтары да мол өңір саналады. Сондықтан да «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша биылда үлкен үлес қосатынымызға нық сенімдіміз»,- деді Гүлжанар Шөкеева.

Бұдан кейін сөз алған облыстық ішкі саясат басқармасының үкіметтік ұйымдармен және саяси партиялармен жұмыс жүргізу бөлімінің басшысы Серік Сәдуақасов, ақпараттық саясат бөлімінің басшысы Динара Жакеева, қоғамдық-саяси жағдайға мониторинг бөлімінің бас маманы Марал Бәкібаева және қоғамдық-саяси жұмыс бөлімінің басшысы Мәлік Ахметқалиев өз салалары бойынша атқарылған жұмыстар туралы айтып, алдағы міндеттерге кеңінен тоқталды.

Жиында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы шеңберінде жүзеге асырылып жатқан шараларды бұқаралық ақпарат құралдары беттерінде кеңінен насихаттау туралы да ұсыныс айтылды.

«Өңірде «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру бойынша 2018 жылы қыруар жұмыстар атқарылды. Биылғы жылда да бұл бағытта бірлесіп, еңбек ететінімізге сенімдімін. Əсіресе, Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасымен бірге, «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласындағы міндеттерді халыққа жеткізетін боламыз. Сондай-ақ, үстіміздегі жылы «Жастар жылына» баса мән берілуі керек»,- деді облыс әкімінің орынбасары.

Жиын соңында Айна Мысырәлімова 2018 жылы «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыруға елеулі үлестерін қосқан бірқатар аудан және қала әкімдерінің орынбасарлары мен баспасөз хатшыларын Алғыс хат және бағалы сыйлықтармен марапаттады.

null null

Соңғы жаңалықтар