Көкшетауда Роза Бағланованың 100 жылдығына арналған концерт өтті

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат – Көкшетауда Роза Бағланованың 100 жылдығына арналған «Қазақтың еркелеткен бір қызымын» атты концерт өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Көкшетау» мәдениет сарайында «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымының әртістері мен шығармашылық ұжымдары өнер көрсеткен концертте Ерлан Рысқали, Азамат Жылтыркөзов, Ардақ Балажанова, Клара Төленбаева, Ерболат Шалдыбеков, Дінисламбек Жайлаубай, Бибігүл Жанұзақ секілді танымал өнер майталмандарымен бірге «Астана сазы» мемлекеттік фольклорлық ансамблі шығып, күміс көмей әнші Роза Бағланованың репертуарынан әндерді шырқады.

«Биыл бұлбұл әншіміз Роза Бағланованың 100 жылдық мерейтойы. Әйгілі әншіміздің алтын қорында 120-ға жуық ән бар. Аңыз-адам, қазақ эстрадасының, қазақ өнерінің жарқын жұлдызы Роза Бағланованың есімі «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымына» беріліп отыр. Оның есімі халқымыздың жадында мәңгі сақталады», – дейді Қазақстанның еңбек сіңген қайраткері, дәстүрлі әнші Ерлан Рысқали.

Айта кетсек, Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев ұлы әншінің есімін халық жадында мәңгі сақтау шараларын қабылдауды тапсырып, ел Үкіметінің 2021 жылдың 17 тамызындағы қаулысына сәйкес «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымына» Қазақстанның «Халық әртісі», «Халық қаһарманы» Роза Тәжібайқызы Бағланованың есімі берілді.

ЮНЕСКО көлемінде аталып өтілетін бұлбұл әншінің мерейтойы осы жылдың 1 наурызында Нұр-Сұлтан қаласында салтанатты түрде ашылып, республиканың барлық аймағында ұйымдастырылып жатыр.

Қазақстанның мәдени астанасы Көкшетау қаласынан бастау алған гастрольдік сапар СҚО, Қарағанды, Павлодар, Шығыс Қазақстан облыстарында жалғасады.

Мәдениет және спорт министрлігінің бастамасымен жүзеге асырылатын бұл шара бұқаралық сипатқа ие болып, жыл көлемінде еліміздің барлық өңірінде өткізіледі.


Соңғы жаңалықтар