Көкшетауда өткен «Бірлік пен берекенің Жерұйығы» атты халықаралық ақындар айтысы мәресіне жетті

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығына арналған «Бірлік пен берекенің Жерұйығы» атты халықаралық ақындар айтысы мәресіне жетіп, жеңімпаздар анықталды. Бұл «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының баспасөз қызметінен хабарлады.

«Нұр Отан» партиясының қолдауымен Көкшетаудағы «Көкшетау» мәдениет сарайында өткен шараға «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Бауыржан Байбек, Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары Ералы Тоғжанов және Ақмола облысының әкімі Сергей Кулагин және айтыс десе, «ішкен асын жерге қоятын» өзге де азаматтар қатысты.

Құттықтау сөз сөйлеген «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалының төрағасы, өңір басшысы Сергей Кулагин бүгінгі шараның Қазақстан халқы Ассамблеясының жылы аясында өтіп жатқанына тоқтала келе, «Осында дарынды, көбі сөзсіз нағыз шебер деп атауға болатын ақындар жиналды. Сахнада өзекті мәселелерді көтеру үшін саяси және әлеуметтік сұрақтарды ұғыну қажет. Шын ақындар осындай болады», деп атап өтті.

Cуырып салма, табан астында тауып айтып, сөз өнерінің інжу-маржанын төгілдіру өнерін беделді қазылар алқасы бағалады. Оның құрамында КСРО және Қазақстанның халық әртісі Асанәлі Әшімов, ҚР Парламенті Сенатының депутаты Жабал Ерғалиев, ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Алдан Смайыл және ҚР ұлттық спорт түрлері Қауымдастығының президенті Бекболат Тілеухан, композитор Алтынбек Қоразбаев болды. Дүбірлі жыр додасын ақын, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Жүрсін Ерман жүргізгенін айта кеткен ләзім.

Халықаралық аламан айтысқа 16 айтыскер қатысты. Олардың арасында айтыс өнерінің жілігін шағып, майын ішкен Айбек Қалиев (Арқалық), Арман Бердалин (Көкшетау), Аспанбек Шұғатаев (Керекуа), Әлібек Серғалиев (Көкшетау), Болатбек Оразбаев (Алматы), Ержан Әміров (Қызылорда), Ерлан Дәулетұлы (МХР), Еркебұлан Қайназар (Астана), Жансая Мусина (Орал), Иран-Ғайып Күзембаев (Астана), Мақсат Ақанов (Қарағанды), Марат Ахметов (Ақтөбе), Мейірбек Сұлтанхан (Астана), Нұрмат Мансұров (Астана), Қанатбек Зәйтоллаұлы (ҚХР), Құлмақан Дүйсенов (Өзбекстан) сияқты ақындар бар.

Ақындардың өнерлерін тыңдауға 700-ге жуық көрермен жиналды. Сахна төрінде еліміздің өркендеуінің негізі - халық достығы мен этносаралық келісім тақырыбы баса жырланды. Айтыстың ақтық кезеңінде Мақсат Ақанов пен Қанатбек Зәйтоллаұлы және Әлібек Серғалиев пен Болатбек Оразбаев жұптары өз өнерлерін ортаға салды.

«Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек бас жүлдені 2 миллион теңге көлемінде ҚХР-нан келген айтыскер Қанатбек Зәйтоллаұлына табыстады. Бірінші орын Алматы облысынан келген Болатбек Оразбаевқа берілді. Екінші және үшінші жүлделі орындар көкшетаулық Әлібек Серғалиев пен қарағандылық Мақсат Ақанов сияқты суырып салма ақындарға бұйырды. Ал, Ақмола облысы әкімінің арнайы сыйлықтарымен Жансая Мусина, Арман Бердалин мен Ерлан Дәулетұлы марапатталды.

Шараны қорытындылыған «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек: «Өздеріңіз куә болып жүргендей, соңғы жылдары елімізде Елбасы қамқорлығымен айтыс даму биігіне көтеріліп, елге рух беретін, бірлікке бастайтын, сондай-ақ, әлеуметтің көкейкесті мәселелерін дәл тауып, оның шешілуіне ықпал ете алатын қауқарлы күшке айналды. Айтыскерлердің беделі артты», - деп атап өтті.

Айта кетейік, қазіргі қоғамдағы айтыскерлер рөлінің күннен күнге артып келе жатқанын мойындай отырып, жақында Астанада өткен «Нұр Отан» партиясының XVI Съезінде партия Төрағасы, Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың алдында сөз ұстаған делегаттар қатарында танымал айтыскер ақын Бекарыс Шойбековтың болуының өзі көп жайттан хабар береді. Ол өз жүрекжарды сөзінде «Нұр Отан» партияның арқасында ұлттық өнер мен спорт түрлеріне қамқорлық көрсетіліп жатқанын, оның ішінде, айтысқа ерекше назар аударылып, билік пен халық арасындағы байланыстырушы көпір ретінде жаңа деңгейге көтерілгенін айрықша атаған болатын.

Еске сала кетсек, өткен жылы партияның 15 жылдығы аясында өңірлерде 6 республикалық ақындар айтысы өтті. Сол айтыстарға ұлт мүддесін мұрат тұтқан тақырыптар арқау болды. Бұл - іс-шаралардың бастамасы ғана. Алдағы уақытта партияның қолдауымен Атырау қаласында Жеңістің 70 жылдығына арналған, Тараз қаласында Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған республикалық ақындар айтысын ұйымдастыру жоспарлануда.

Соңғы жаңалықтар