Көкшетауда өткен «Баспалдақ» жарысына 300-ге жуық адам қатысты

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Көкшетауда «Баспалдақ» баспалдақпен жүгіру жарысы өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі Ақмола облысының дене шынықтыру және спорт басқармасына сілтеме жасап.

Жыл сайын өткізу дәстүрге айналған жарыс биыл 22-рет ұйымдастырылып отыр. Жарысқа салауатты өмір салтын ұстанған әуесқойлар мен кәсіби спортшылардан құралған 300-ге жуық адам қатысты.

«ҚР спорт қайраткері Ибрагим Тиагалиевтің құрметіне арналған жарысқа қатысушылар Абай көшесінің бойындағы Тутұғырдан бастап, Бұқпа тауының биік шыңына дейін 760 метр жүгіріп өтуі тиіс болды. Баспалдақпен тауға өрмелеп, жүгіргендер арасында  5 жастан асқан балалар мен жасы 70-ке таяған қариялар да болды», - деп түсіндірді ведомстводан.

Жеңімпаздар жас ерекшеліктеріне қарай ақшалай сыйлық және арнайы дипломдармен марапатталды. Оның ішінде «Ең жас қатысушы» аталымы бойынша 8 жасар Дали Дударкиева, «Спорт ардагері» аталымы бойынша 70 жастағы Анатолий Губко және «Жеңіске деген жігері үшін» аталымы бойынша 8 жасар Никита Колпаков (8 лет) марапатқа ие болды.

«Бұқпа тауының төбесіне шығу бүгінгі жарыс қатысушыларының бәрін толғандырғаны анық. Мен кәсіби спортшы болмасам да, денсаулық үшін кешкілік жүгіріп тұрамын. Жарыс қатысушылардың қызығушылығын оятып, бұқаралық спортпен шұғылдануға септігін тигізетіні сөзсіз», - дейді  Көкшетау қаласының тұрғыны Динара Есенбаева.

Айта кетейік, «Баспалдақ» жүгіру жарысы алғаш рет 1991 жылы ұйымдастырылған. Уақыт өте ескерусіз қалса, 2006 жылдан бастап Ақмола облысы дене шынықтыру және спорт басқармасының бастамасымен жыл сайын өткізілетін болды. Ал, 2009 жылдан бері «Баспалдақ» халықаралық марафондар қатысушысы, ҚР спорт қайраткері Ибрагим Тиагалиевтің құрметіне арналып ұйымдастырылып келеді.

 

Соңғы жаңалықтар