Көкшетауда өтетін музей фестивалінде әлемдік деңгейдегі музыканттар мен фольклорлық ансамбльдер өнер көрсетеді

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Маусымның 13-і күні Көкшетауда Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған «Қазақ хандығына 550 жыл» атты өңіраралық музей фестивалі өтеді.

Бұл туралы бүгін Ақмола облысы мәдениет басқармасының басшысы Сәуле Бөрібаеваның қатысуымен өткен баспасөз мәслихатында айтылды. Басқарма басшысының айтуынша, фестиваль Қазақ мемлекетінің тарихнамасы мен Қазақ хандығының тарихы мәселелерінің өзектілігі, Қазақстан Республикасының тарихи-мәдени мұрасын насихаттау, қазақ халқының ұлттық тарихын кеңейту, халықаралық музейлік диалогты дамыту мен жаңашыл кезеңдегі музейлердің ғылыми қызметтік саласын кеңейту мақсатында қолға алынып отыр. «Ағымдағы жылдың 13 маусым күні ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен өтетін Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған өңіраралық музейфестивалінің шымылдығы Ш.Құсайынов атындағы қазақ музыкалық-драма театрында ашылмақ. Оған Италияның Болон университетінің профессоры Жан Лука Бонора, Венгриядағы «Маджар-Туран» халықаралық қордың жетекшісі, жаратылыстану музейінің директоры Биро Андраш Жолт, республикалық және аймақтық музейлерінің ғылыми қызметкерлері, Қазақстан мен Ресейдің ғалымдары мен тарихшылары, Ресей, Еуропа және Азия қару-жарақ жинағы мен заттары бойынша Ресей Федерациясының Мәдениет министрлігінің сарапшысы Алексей Пастухов, Новосибирск мемлекеттік университетінің тарих ғылымдарының докторы, археология және этнология кафедрасының профессоры Леонид Бобров сияқты шетелдік ғалымдар қатысатын болады.

Аталған фестиваль бағдарламасына сәйкес «Музейлік раритеттеріндегі Қазақ хандығының тарихы» ғылыми-практикалық конференция,«Қазына - Prezent» мультимедиялық музей жобаларының тұсаукесері, облыстық тарихи-өлкетану музейінің залдары бойынша театрландырылған экскурсия ұйымдастырылмақ. Сонымен қатар, фестиваль қатысушылары мен қонақтарына Ш.Құсайынов атындағы қазақ музыкалық-драма театры алдындағы аллеяда Көкшетау қаласы мен облыстың әрөңірінен келген 90-ға жуық сәндік-қолданбалы өнер шеберлерінің «Өнер - Fest» көрме-жәрмеңкесі ұсынылады.

Сондай-ақ, қонақтар үшін Щучье- Бурабай курорттық аймағына арнайы саяхат ұйымдастыру да жоспарда бар. Ал, кешкі 17.00-де Ақмола облыстық филармония ғимаратында Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған «Ғасырлар үні» фольклорлық-этнографиялық фестивалі өтеді.

Оған Қазақстан, Ресей, Беларусь, Қытай, Моңғолия, Башқұртстан, Алтай Республикасынан келген әлемдік деңгейдегі музыканттар мен фольклорлық ансамбльдер қатысады.

«Ғасырлар үні»фольклорлық-этнографиялық фестивалі әртүрлі ұлттардың басын біріктіре отыра, өзара мәдени алмасудың көлемін ұлғайтуға, тығыз шығармашылық байланыс орнатуға ықпал етеді, сонымен қатар қазақ, орыс, беларусь, қытай, моңғол халықтарының баға жетпес құндылықтарын қоғам назарына ұсынып, көрермен халықтың қызығушылығын туғызады деген сенім бар», - дейді Сәуле Бөрібаева.

Соңғы жаңалықтар