Көкшетауда ономастика саласындағы мәселелер талқыланды

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Көкшетауда «Ақмола, Жамбыл облыстарының топонимдері» атты республикалық ғылыми-практикалық оффлайн-онлайн семинары өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі облыстық ішкі саясат басқармасына сілтеме жасап.

Шараны Қазақстан Республикасы Мәдениет министрлігі Мәдениет комитеті мен «KAINAR» кәсіби дайындықтың жоғары мектебі Ақмола облысы әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырды.

Басқарма маманы Әсем Жұмағұлованың айтуынша, семинарда ономастика саласына қатысты бірқатар мәселелер, атап айтқанда облыстардағы тарихи атаулардың этимологиясын диахрондық әдіс тұрғысынан зерттеулер, нақты дәлелдермен тарихи атауларды қалпына келтіру туралы пікірлер айтылды.

Семинарға Мәдениет комитеті төрағасының орынбасары К.Сейітова мен ономастика басқармасының басшысы Е.Төрехан және облыстың аудандық және қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімдерінің басшылары мен мамандары қатысты.

Аталған жиында ономастика саласы бағытында ғылыми зерттеулермен айналысып жүрген ғалымдардың баяндамалары тыңдалды.

С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы С. Иманбердиева «Тарихи-диахрондық әдісті қолдану арқылы ономастикалық атауларды жүйелендіру қызметі» жобасы туралы баяндаса, Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің профессоры, филология ғылымдарының кандидаты З.Құламанова, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры, география ғылымдарының докторы Қ.Сапаров тарихи топонимдер жайлы сөз қозғады.

«Ақмола облысының топонимдерін тарихи-диахрониялық әдісті қолдану арқылы жүйелендіру - өңір топонимдерінің кестелі сөздігін жасау, онимдерді топтастыру және уәжі, яғни номинативтік принципін анықтау сияқты жұмыстар аясында жүргізілді. Жұмыстың дереккөздері ретінде Ақмола облысының аймағына қатысты 1845 жылдан бүгінгі күнге дейінгі карталар Ресей және отандық мұрағаттар мен ғылыми-зерттеу материалдары, ғалымдардың еңбектері, көркем әдебиет мәтіндері алынды» - деп атап өтті Г.Бекенова.

Айта кетейік, бұған дейін Ақмола облысы ішкі саясат басқармасының тапсырмасымен ғалым Ж.Артықбаевтың «Ақмола облысының топонимикасын зерттеу жұмыстары бойыша кітабы жарық көрді.


Соңғы жаңалықтар