Көкшетауда «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша 11 тұрғын үй салынуда

Фото: None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Көкшетауда пәтер кезінде тұрғандар үшін «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша 11 тұрғын үй салынуда, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазір қалада 11 үйдің құрылысын жүргізіп жатырмыз, биыл 8 үйді пайдалануға беруді жоспарлап отырмыз. Жергілікті атқарушы органдар тарапынан кезекте тұрғандар үшін жалға берілетін тұрғын үйді қаржыландыру енді қарастырылмағанын бірден қосқым келеді. Барлық қаржыландыру тек несиелік тұрғын үйге арналған, яғни бұл бағдарлама қатысқы келетіндер біріншіден пәтер кезінде тұруы және «Отбасы банкінде жинақтары болуы тиіс», - деді қала әкімі Бауыржан Ғайса.

Қала басшылығының мәліметінше, облыс орталығында әлеуметтік нысандардың құрылысы жалғасуда. Сөйлеу қабілеті бұзылған балаларға арналған балабақшалар салынуда, сондай-ақ, полиция департаментінің ғимараты, 1500 және 1200 орындық мектеп, «Арлан» хоккей академиясы үшін шайбалы хоккейге арналған жабық мұз аренасын салу жоспарланған.

«Станционный кенті тұрғындарының мәселелері де назардан тыс қалмайды. Бүгінгі таңда мәдениет үйі мен мешіттің құрылысы бойынша жобаларды жүзеге асыру жоспарланған», - деді қала әкімі.

Айта кетсек, Көкшетауда 256 көп пәтерлі тұрғын үй, 21 білім беру нысаны, 2 сауда орталығы, сондай-ақ саябақ аймағын салу жоспарланып отыр.

Соңғы жаңалықтар