Көкшетауда «Мерейлі отбасы»  байқауының облыстық кезеңінің жеңімпаздары анықталды
2017 жылғы 26 мамыр 22:34

Көкшетауда «Мерейлі отбасы» байқауының облыстық кезеңінің жеңімпаздары анықталды

КӨШЕТАУ. ҚазАқпарат - Көкшетауда «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының ақтық кезеңінде Ақмола облысының абыройын қорғайтын отбасылар анықталды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Салтанатты шараға облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Айна Мысырәлімова, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ғосман Төлеғұл, аналар кеңесінің төрайымы Зере Қиықова және «Шаңырақ» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Берік Рақышев қатысып, құттықтау сөз сөйледі.

Бұл жолы байқауға 14 аудан мен 2 қаладан 33 отбасы қатысуға өтініш білдіріпті. Бүгінгі күні облыста 5 мыңға жуық көп балалы отбасы бар. Сонымен бірге, 8 мыңнан астам көп балалы ана тіркелген, олардың ішінде «Алқа алқа», «Күміс алқа» игерлері бар. Оған қоса, Қаһарман ана атағына лайық деп танылған, І және ІІ дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен марапатталғандар да бар.

Биылғы ұлттық байқаудың облыстық кезеңінің қорытындысы бойынша Бұланды ауданынан келген Қалиевтер мен Целиноград ауданынан келген Қуандықовтар отбасылары жеңімпаз атанып, олардың әрқайысына 250 мың теңге көлемінде ақшалай сертификаттар мен сыйлықтар тапсырылды. Сондай-ақ, екінші және үшінші орындарға зеренділік Баймақановтар мен сандықтаулық Хамзатхановтар отбасы лайық деп танылды.

Осылайша, ұлттық байқаудың биылғы республикалық кезеңінде облыс намысын бұландылық Қалиевтер мен целиноградтық Қуандықовтар отбасылары қорғайтын болады.

Jańalyqtar

MURAǴAT