Көкшетауда мереке кезінде адасып қалған 10 бала табылды

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Көкшетауда Наурыз мейрамы кезінде көпшіліктің арасында адасып қалған 10 бала аман-есен табылып, ата-анасына тапсырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі Ақмола облыстық ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ведомствоның мәліметі бойынша, Көкшетау қаласында соңғы екі жылдан бері полицияның қазіргі заманғы 6 станционарлық бекеті жұмыс істейді.

«Бұл бекеттер құқықбұзышылықты ескерту және алдын алу үшін халық, оның ішінде жастар көп жиналатын қоғамдық орындарда орналасқан. Нақтырақ айтсақ, Орталық базар, Тәуелсіздік алаңы, жақында атауы өзгерген Горький көшесі, Васильковский және Боровской шағын аудандарындағы әлеуметтік нысандарға ерекше көңіл бөлінген. Тұрғындар бірінші кезекте осы станционарлық бекеттерге көмек сұрап жүгінеді», - дейді ведомствоның баспасөз қызметіндегілер.

Мәселен, жақында атап өтілген Наурыз мейрамында орталық алаңда орнатылған «Модуль-1» стационарлық бекетте кезекшілік атқарған полиция сержанты Нұрсұлтан Махметов көпшілік арасында адасып қалған 10 баланы іздеп табуға көмектесті.

Ведомстводан атап өткендей, қазіргі заманға сай жабдықталған стационарлық бекет құқықбұзушылықты ескерту және алдын алуға ғана көмектеспейді. Жол-көлік оқиғасы, төтенше жағдайлар кезінде көмек көрсетуде де пайдасы зор. Айталық, наурыздың 26-да Боровской шағын ауданындағы тұрғын үйде болған өрт кезінде тәртіп сақшылары өрт сөндіру техникасы келгенше тұрғындарды жедел қауіпсіз жерге шығарып үлгерді.

Еске сала кетейік, жақында Көкшетау қаласында болған өрт кезінде СПЧ-1 бөлімінің командирі, азаматтық қорғаныс аға сержанты Нұржан Әлімжанов терез арқылы пәтердің ішіне кіріп, 3 және 5 жастағы екі баланы құтқарған еді.

Соңғы жаңалықтар