Көкшетауда Мемлекеттік рәміздер күніне орай «Көк тудың желбірегені» шарасы өтті (ФОТО)

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Көкшетауда ҚР Мемлекеттік рәміздер күнін атап өту аясында «Көк тудың желбірегені» атты патриоттық акция өтті.

«Көкшетау» мәдениет сарайында ұйымдастырылған шара облыстағы барлық аудандар мен қалалардағы халықтың мемлекеттік әнұранымызды жаппай орындауымен басталды. Бұдан кейін жиналғандарға Ақан сері атындағы мәдениет колледжі студенттерінің орындауындағы «Қазақ елі - Мәңгілік ел!» атты театрландырылған қойылым ұсынылды.

Шараға қатысқан облыс әкімі Сергей Кулагин құттықтау сөз сөйлеп, мемлекетіміздің басты нышаны болып табылатын Әнұран, Елтаңба, Көк байрағымыздың қадір-қасиетіне ерекше тоқталды. Сондай-ақ Көкше жеріне арнайы келген Елтаңба авторы Жандарбек Мәлібеков Ақмола жұртшылығына өзінің жылы лебізін білдірді.

«Кез-келген ел Елтаңбамен еңселі, Туымен тұғырлы, Әнұранымен айбатты. Мұны әрбір жас естен шығармауға тиіс. Міне, барлығы да қуаныштарын білдіріп, рәміздерімізді ерекше құрметтейтіндіктерін көрсетіп отыр. Туды көтеріп, Әнұранды тебірене орындау әр азамат үшін мақтаныш емес пе? Осындай отансүйгіштікті, өршіл рухты оятатын шаралар көп болғай», - деді Жандарбек Мәлібеков.

Акция барысында бірқатар мектеп оқушылары «Жас ұлан» және «Жас қыран» қатарына алынып, «Жыл патриоты» облыстық байқауының жеңімпаздары марапатталды.

Елдік тақырыпты ту еткен, халықтың рухын асқақтатып, олардың бойында мақтаныш сезімін туғызған акция мереке қонағы Ескендір Ибрагимнің орындауындағы «Көк тудың желбірегені» әнімен асқақтады.

Соңғы жаңалықтар