Көкшетауда медициналық қалдықтарды тұрғын үй ауласындағы күл-қоқыс алаңдарына төгіп келген мекеме жауапқа тартылды

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат Көкшетаудағы «РВН-құрылыс» серіктестігі медициналық қалдықтарды іске жаратудың орнына қала төріндегі тұрғын үйлердің ауласындағы күл-қоқыс алаңдарына шығарып келген. Бұл туралы аймақтық мамандандырылған табиғат қорғау прокуратурасының прокуроры Бақтияр Ерназаров мәлім етті.

Оның айтуынша, аймақтық мамандандырылған табиғат қорғау прокуратурасы қызметкерлерімен Көкшетау қаласы бойынша жүргізілген арнайы тексеріс барысында Жамбыл және 8 Наурыз көшелері қиылысында орналасқан күл-қоқыс алаңында шприц, ине, шыны сияқты 44 қорап медициналық қалдықтар табылып, оның облыстық қылмыстық атқару жүйесі департаментінің ЕЦ 166/11 мекемесіне тиесілі екені анықталған.

Ал, бұл мекеменің медициналық қалдықтарын іске жаратумен «РВН-құрылыс» ЖШС айналысатынын ескерсек, серіктестік директоры А. Молдабеков аталмыш қалдықтардың тұрғын уйлер ауласындағы күл-қоқыс алаңдарына төгілетінінен хабарсыз болып шыққан. Сол себепті, ол қарамағындағылардың мұндай бассыздығына қарсы да болмаған көрінеді.

«Қоршаған ортаға зияны көп мұндай іске жаратылмаған медициналық қалдықтарды қала ортасына төгуге жол беруге болмайды. Әсіресе, халық көп шоғырланған жерге лақтырып тастау ақылға сыймайды. Сондықтан, табиғат қорғау прокурорының ұсынысы бойынша өкілетті органдар ықпал ететін шаралар қолданды», - дейді Б. Ерназаров.

Еске сала кетсек, санитарлық-эпидемиологиялық зерттеу «РВН-құрылыс» серіктестігінің медициналық қалдықтарды Станционный кентінің жылу қазандығында, яғни, арнайы қондырғымен жабдықталмаған орында іске жаратуды көздегенін және онда қызметкерлердің отыратын бөлмесі, қалдықтарды сұрыптайтын, сақтайтын және зарарсыздандыру заттары мен құрал-жабдықтарды қоятын арнайы орындарының болмағанын көрсетті.

Сондықтан, тексеріс нәтижесімен Ақмола облысы тұтынушылардың құқығын қорғау департаментінің қызметкерлері әкімшілік шара қолдану үшін «РВН-құрылыс» серіктестігінің жұмысын тоқтату жөніндегі талапты сотқа жолдаса, Экология департаменті ҚР әкімшілік заң бұзушылық жөніндегі кодексінің 270-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартты.

Соңғы жаңалықтар