Көкшетауда Масленица мерекесі атап өтілді (ФОТО)

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Көкшетауда «Ақмола облысының орыс қауымдастығы» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен славян халықтарының мерекесі -Масленица атап өтілді.

Аталмыш мейрам бір жағынан қыспен қоштасатын, шуақты көктемді қарсы алатын күн ретінде тойланса, сонымен қатар, өкпелі адамдарды бір-бірімен татуластырып, адамдарды жасаған қателіктері үшін кешірім сұрауға үндейтін күн. Әдетте, орыс халқы Масленицаны Ұлы ауыз бекіту қарсаңында бір жұма бойы атап өтіп, кейін қырық күн бойы Пасхаға дайындалады.

Бұл жолы Тәуелсіздік алаңында ұйымдастырылған мерекелік шараға қоғамдық бірлестіктің аудандардағы филиалдары да үн қосты. Сахна төрінде Көкшетау мәдениет сарайының шығармашылық ұжымы, Аршалы ауданынан келген «Задоринка», зеренділік «Сударушка» вокалдық ансамбльдері, сандықтаулық «Журавушка» халықтық фольклорлық ансамблі алаңға жиналған жұртшылыққа көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.

Әсем ән де, ұлттық киімдермен жасанған көркемөнерпаздардың мың бұралған билері де бұл күннің шырайын келтіре түсті. Сондай-ақ, арнайы құрылған павильондарда тәттілер мен қолөнер туындылары сатылды.

Ал, Масленица мерекесінің дәстүрлі тағамы құймақ тұрғындарға тегін таратылды. Шеңбер пішіндес құймақ күн бейнесін кескіндеп, көктем мен жылылықтың символын, мерекенің бұлжымас белгісін айшықтап тұрғандай көрінді. Спорттық ойындар ұйымдастырылып, қуыршақты жағу рәсімін де көпшілік қызыға тамашалады.

Бұл шараларды Көкшетау қаласының әкімі Ермек Маржықпаев аралап көріп, жиналған қауымды мерекелерімен құттықтады.

null null null null null null null

Соңғы жаңалықтар