Көкшетауда Мақтай Сағдиевтің 90 жылдығына арналған еске алу шарасы өтті

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат – Ақмола облысында танымал мемлекет және қоғам қайраткері Мақтай Сағдиевтің 90 жылдығына арналған еске алу шарасы өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі облыстық ішкі саясат басқармасына сілтеме жасап.

Мақтай Рамазанұлы өзіне тән қажыр-қайратпен және іскерлікпен кеңес және партия және шаруашылық органдарының жұмыс стилі мен әдістерін жетілдіре отырып, жастарды тәрбиелеу және оқыту, халық денсаулығын қорғау, олардың мәдени-тұрмыстық мұқтаждығын қанағаттандыру проблемаларымен ыждағатпен айналысты, мұның барлығы зор ерлікті, табандылықты, дипломатиялық шеберлікті талап етті. 1985-1989 жылдары Мақтай Сағдиев Көкшетау облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы болып жұмыс істеді және бұл облысты Қазақстандағы алдыңғы орындардың біріне шығарды. Бұдан кейін ол Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Төралқасының төрағасы, ел Президентінің кеңесшісі болды, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің мүшесі, Жоғарғы Кеңестің, Парламент Мәжілісінің депутаты болып сайланды. 1991 жылдың соңында Мақтай Сағдиев ҚР Ардагерлер кеңесін құрып, оған соңғы кездерге дейін басшылық етті. Бұдан басқа Қазақстан халқы Ассамблеясы кеңесінің мүшесі, Президент жанындағы сыбайлас жемқорлықпен күрес және мемлекеттік қызметшілердің қызметтік этикасын сақтау мәселелері жөніндегі мемлекеттік кеңес төрағасының орынбасары, ел Президенті жанындағы ұлттық кеңестің мүшесі болды.


Кездесуде Мақтай Рамазанұлын әріптестері, достары және туғандары еске алып, оның өмірі мен еңбек жолы, адамгершілігі туралы жылы лебіздерін білдірді.

Шара соңында жиналғандарға Мақтай Сағдиевтің еңбегі, фотосуреттері, әріптестері мен достарының естеліктерінен құралған «Мақтай Сағдиев. Өнегелі өмір» атты кітап үлестірілді.


Танымал мемлекет және қоғам қайраткері Мақтай Сағдиевтің есімі ақмолалықтардың жадында сақталып қалды. Өткен жылы оның есімі Көкшетау қаласының көшесіне берілді.


Соңғы жаңалықтар