Көкшетауда «Мақсат бірлігі-рух бірлігі» атты облыстық Достық фестивалі өтуде (ФОТО)

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Көкшетауда "Мақсат бірлігі-рух бірлігі" атты облыстық Достық фестивалі өтуде.

Қытымыр мінез танытып, қыр көрсетумен келе жатқан ауа райы да бұл күні алаңға жиналған жұртшылықтың риясыз көңіліндей жадырап тұр. Жас-кәрісі тайлы-тұяғымен бейбіт өмірдегі берекелі мерекені атап өтуге асыққан, тілдері басқа болса да, тілектері бір ақмолалықтардың қатары қалың.

Мереке балалардың "Әлем- балалар көзімен" атты асфальтқа салған сурет байқауымен басталды. Байқауға 300 -ден астам "Юность" педагогикалық отряды және мектепке дейінгі балалар қатысуда. Ал, орталық саябаққа кіре берісте еліміздің кешегі өткені мен бүгінгі тыныс-тіршілігі, ертеңгі арман-мұраттарынан сыр шертетін «Достық Арбаты» атты кітаптар мен фотосуреттер, қолөнер туындыларының көрмесі ұйымдастырылуда. Елімізде өмір сүріп жатқан сан түрлі халықтардың болмысын бейнелейтін қылқалам шеберлерінің қолынан туған көркемөнер туындылары да көпшілікті тәнті етуде.

Халықты құттықтауға келген ел ағалары ақжарма тілектерін ақтарып жатты. Мерекелік шара барысында сөз алған облыс әкімі, Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясының төрағасы Қосман Айтмұхаметов: - Бұл мейрам - достық мейрамы. Татулық пен бірлік - біздің басты байлығымыз. Бүгінгі күні облыста 45 этномәдени бірлестік жұмыс істейді. Олардың барлығы достық пен бірліктің орталығына айналған және өңірде тұрақтылықтың нығаюына өлшеусіз үлес қосуда. Бүгін біздің алдымызда үлкен мақсаттар тұр. Сол ойлаған арман-тілектеріміздің орындалуы үшін ең алдымен, бірлік қажет, - деп атап өтіп, өңір халқын асқаралы арман-мақсаттарға жету жолында бірге қадам басуға шақырды.

"Тәуелсіздік" алаңына жиналған жұртшылық этномәдени бірлестіктер ұйымдастырған 11 киіз үйден тұратын этноауылда әр ұлттың салт-дәстүрі, қолөнер заттарымен жақын таныса алды. Өңірде тұрып жатқан түрлі халықтың ұлттық ас мәзірлерінің көрмесі мен салт-дәстүрлері де жұрттың көңілінен шығып жатыр.

Сонымен қатар, жоғары оқу орындарында құрылған шағын ассамблеялар дайындаған қазақтың баланы бесікке салу, тұсау кесу, қыз ұзату, беташар сынды салт-дәстүрлерін бейнелейтін қойылымдар мен сан түрлі ұлт пен ұлыс өкілдерінің ұлттық киімдерінен дефилені тамашалауда. Жиналған халық түрлі этно-мәдени бірлестіктер әзірлеген ұлттық дастархандардан дәм татып, бір-біріне ақжарма тілектерін де айтуда.

Ал, мерекенің ең бір тартымды әрі қызықты тұсы ол -Қазақстан халқы бірлігі күні үш интернационалист жұптың, яғни, отбасын құруды мақсат тұтқан орыс, татар және украин ұлты өкілдерінің үйлену салтанаты болды.

Соңғы жаңалықтар