Көкшетауда мәдениет қызметкерлері күніне орай таңдаулы өнер тарландары марапатталды

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Көкшетауда мәдениет және өнер қызметкерлері күніне арналған салтанатты жиналыс өтіп, онда бірқатар таңдаулы өнер қызметкерлеріне облыс әкімінің атынан алғыс хаттар табыс етілді.

Бұл күні мәдениет саласының қызметкерлері жылы лебіздерге бөленіп, қажырлы еңбектері үшін түрлі марапаттарға ие болды. Өйткені, еліміздің рухани байлығын дамытып, мәдени мұраларымыздың сақталып, ұрпаққа жетуіне олар зор үлес қосып келеді.

"Өнер мен мәдениеттің киелі ошағы Көкшетау төрінде бірталай талантты жандар қажымай-талмай қоғам үшін қызмет жасауда. Бүгінгі күні облысымыздың мәдениет саласында 3000-нан астам адам жемісті еңбек етіп жүр. Халықтың көңілі мен игілігі үшін тер төгіп жүрген сіздерге, мәдениет қызметкерлеріне шат-шадыман көңіл-күй тілеймін, шығармашылық шабыттың биік шыңынан көріне беріңіздер", - дей келе облыс әкімінің орынбасары Дәурен Зекенұлы бірқатар қызметкерлерді облыс әкімінің алғыс хаттарымен марапаттады.

Сонымен қатар облыстық мәслихаттың депутаты Людмила Богапова мәдениет саласының бірқатар ардагерлерін аталмыш мерекемен құттықтап, құрмет грамоталары мен гүл шоқтарын ұсынды. Облыстық мәдениет басқармасының басшысы Базарбай Кәкенов те осы салаға ғұмырының бірталай жылдарын арнаған өнер иелеріне басқарма атынан құрмет грамоталарын табыстады. Мұндай құрметке К.Күмісбеков атындағы қазақ ұлт аспаптары оркестрінің дирижері, Қазақстанның мәдениет қайраткері Тұрлығожа Базаров, филармония әншісі Гүлжан Ахметова және басқалары ие болды.

Ш.Құсайынов атындағы қазақ музыкалық драма және облыстық орыс драма театрларының қызметкерлері мен актерлері еленбей қалмады. Мекеме басшылары өз қызметкерлерін арнайы сыйлықтармен және аталымдармен марапаттады. Қазақ музыкалық драма театрының актерлері Бағлан Иманғазинов пен Маржан Бөкешова "жылдың үздік актері" және "жылдың үздік актрисасы" атанса, көкшелік көрерменнің ыстық ықыласына бөленіп жүрген актриса Гүлмира Жакилина "сахна шебері" атағына ие болды. Ал актер, сазгер Құмарбек Қалқатаев бүлдіршіндер мен жасөспірімдер үшін ән жазып, балғындарды өнерге баулып жүргені үшін облыстық балалар шығармашылығы орталығының алғыс хатын иеленді.

Шарада үздік деп танылған бір топ кітапханашылар мен мұражай қызметкерлері де түрлі марапаттарға ие болды.

Соңғы жаңалықтар