+7 (701) 759 90 19
USD 436.29 EUR 492.83
RUB 5.92 CNY 68.48
Jańalyqtar

Көкшетауда құтқарушыларға арналған мурал пайда болды

2021 жылғы 19 қазан 18:21
Бөлісіңіз:
Көкшетауда құтқарушыларға арналған мурал пайда болды

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Құтқарушылар күні қарсаңында Көкшетау қаласында көпқабатты тұрғын үйдің қасбетіне қазақстандық құтқарушыларға арналған арт-нысан салынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі облыстық ішкі саясат басқармасына сілтеме жасап.

Жамбыл облысында оқ-дәрі қоймасында орын алған өрт пен жарылысты жою кезінде қаза тапқан Түркістан облысы төтенше жағдайлар департаментінің өрт сөндіру және азаматтық қорғау жүйесі қызметі бастығының орынбасары, полковник Мейіржан Айманов бейнеленген мурал Абылай хан даңғылындағы 9 қабатты тұрғын үйдің қасбетінде салынды.

Батыр-құтқарушының портретін Төтенше жағдайлар департаменті мен облыс орталығы әкімдігінің бастамасымен жергілікті «Design city» компаниясының ұжымы жасаған. Суретшілер муралды салу үшін 5 күн жұмыс істеді.

Ақмола облысы төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Нұрлан Атығаевтың айтуынша, арт-нысан батырды еске алу үшін және арнайы кәсіби мереке - Құтқарушылар күніне орай, 19 қазан күні ашылып отыр.

«Құтқарушылардың жұмысы өте қауіпті. Олар үнемі өзгенің өмірін сақтап қалу үшін өз бастарын қатерге тігеді, олар қиындықтың не екенін білмейді. Біздің міндеттіміз қайтсекте адамдарды қауіп-қатерден құтқару. Бүгінде облыста 1377 өрт сөндіруші-құтқарушы қызмет атқарады. Осы игі іске қолдау білдірген қала басшылығына алғысымыз шексіз», - деп атап өтті Нұрлан Атығаев.

Тұрғындар да тұрғын үйдің қабырғасына сән беріп тұрған стрит-арт суретін қолдап, бүгінгінің батырларының ерлігі мақтанышқа айналатынын атап өтті.

«Өрт сөндірушінің бұл портреті халықтың назарын отпен абайлап жұмыс істеуге аударады және өрт сөндіруші мамандығына деген құрметті одан әрі арттырады деп үміттенеміз», - деп түсіндірді Көкшетау қаласының тұрғыны Азамат Балтабаев.

Айта кетсек, Көкшетау қаласындағы 22 тұрғын үй алабы стрит-арт композицияларымен безендірілген.


Біздің каналымызға жазылыңыз:

Бөлісіңіз:

Автор:

Аслан Оспанов

Сондай-ақ... оқыңыз
Пікір қалдыру
+7
Жіберу
ONLAIN QYZMETKERLER
REDAKTOR
Кожакелдиев Е.
Кожакелдиев Е.
954-059

MURAǴAT