Көкшетауда курсанттар полициямен бірге көшелерді күзетіп жүр

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Көкшетауда түнгі уақытта 150-ге жуық курсант пен 43 офицер көшелерді патрульдеуде, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Мәлік Ғабдуллин атындағы Азаматтық қорғау академиясы баспасөз қызметінің мәліметінше, 6-шы қаңтардан бастап академия курсанттары ауысыммен күн сайын сағат 21:30-дан түнгі үшке дейін көшелерді патрульдеуге шығады. Жалпы алғанда, 150-ге жуық курсант пен 43 офицер полиция қызметкерлерімен бірге қала көшелерін патрульдеуде.

«Алдын алу, құтқару, көмек көрсету. Бұл Қазақстан Республикасы ТЖМ Мәлік Ғабдуллин атындағы Азаматтық қорғау академиясында оқитын курсанттардың ұраны. Білім ордасындағы болашақ құтқарушылар мен офицерлер Көкшетау қаласында төтенше жағдай кезінде қоғамдық тәртіпті сақтауға жұмылдырылып отыр», - деді Академияның қоғаммен байланыс жөніндегі топтың баспасөз хатшысы Айгүл Өзекова.

Осы ретте, курсанттар да қиын кезде ел тыныштығы үшін үлес қосу Отан алдындағы парызы санайды.

«ТЖ режимін сақтамайтындарды біз учаскелерге жібереміз. Біздің мақсатымыз – қаладағы қауіпсіздік деңгейін арттыру. Кез-келген қауіп үшін біз алда болуымыз керек. Біз Отанға адал болуға ант бердік. Сондықтан халықты қорғау-біздің парызымыз», - деп бөлісті төртінші курс курсанты Темірлан Көпебаев.

Еске сала кетсек, академияның жеке құрамынан басқа, түнгі рейдтерге жергілікті спортшылар мен депутаттар, еріктілер де шығып, үлес қосуда.


Соңғы жаңалықтар