Көкшетауда құны 1 млрд теңгеден асқан дәнді және майлы дақылдарды сақтап, қайта өңдейтін кәсіпорын іске қосылды

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысында дәнді және майлы дақылдарды сақтап, қайта өңдейтін кәсіпорын «Ақмола бидай» ЖШС іске қосылды.

Салтанатты шараға қатысқан өңір басшысы Сергей Кулагин кәсіпорын басшыларын осынау қуаныштарымен құттықтап, жұмыстарына сәттілік тіледі. «Ақмола бидай» ЖШС құны 1,3 миллиард теңгені құрайтын диірмен кешенінің құрылысы өткен жылы қолға алынған болатын. Кәсіпорынның қуаты жылына 57 мың тонна ұн шығаруға жетеді. Сондай-ақ, мұнда бидаймен бірге майлы дақылдарды сақтап, қайта өңдеуге болады. Кәсіпорынның іске қосылуы 100-ден астам жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік беріп отыр «Аграрлы облыс үшін дәнді және майлы дақылдарды сақтап, қайта өңдейтін кәсіпорнның іске қосылуы маңызды шара. Бұл кәсіпорын өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлесін қосып, аграрлы саланың дамуына зор септігін тигізеді деп сенемін», - деді құттықтау сөзінде облыс әкімі. Серіктестік директоры Наджибулл Абдул Халилдің айтуынша, жобаның жалпы құны 1,3 миллиард теңгені құрап отыр. Оның 900 миллионы кәсіпорынның өз қалтасынан салынса, қалған 400 миллионы «Бизнестің жол картасы -2020» бағдарламасы арқылы алынды. Диірмен кешені Ресей және Түркия елінің қазіргі заманғы қондырғыларымен жабдықталған. «Бір мезетте бидай және майлы дақылдарды қабылдайтын желі орнатылған. Элеватор сыйымдылығы 30 мың тонна, диірменнің қуаты тәулігіне 200 тонна шығаруға, ал толық қуатына шыққан кезде жылына 57 мың тонна ұн өндіруге мүмкіндік бермек. Алдағы уақытта майлы дақылдарды қайта өңдеу және құс шаруашылығын дамыту үшін құрама жем өндіруді дұрыс жолға қою жоспарда бар », - дейді серіктестік директоры.

Соңғы жаңалықтар