Көкшетауда Қостанай облысының күні өтіп жатыр

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Көкшетауда Қостанай облысының күндері өтіп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Шара аясында Ақмола облыстық тарихи-өлкетану мұражайының экспозиция ғимаратында Қостанай облыстық тарихи-өлкетану мұражайы «Көкшетау - Қазақстанның мәдени астанасы 2021» мұражайаралық инновациялық жобасы аясында көрме қорынан «Құт қонған Қостанай» көрмесін ұсынды.

«Құт қонған Қостанай» көрмесі экспозициясына келушілер Қостанай облысының мәдени және тарихи мұраларымен таныса алады. Көрмеде тас дәуірі, қола дәуірі мен ерте темір дәуіріндегі бірегей археологиялық олжалар; қазақ жауынгер-батырларының сауыттары мен қарулары, аңшылық құрал-саймандар; зергерлік бұйымдар, ұлттық киімдер мен өңір этносының тұрмыстық заттары тәрізді пайдалы қазбалардың сирек кездесетін үлгілері қойылған.

Сонымен қатар мұражайдың көркемдік коллекциясындағы қазақстандық бейнелеу өнерінің негізін қалаушылар мен жетекші шеберлердің - А.Қастеев, Н.Хлудов, Л.Леонтьев, Ж.Шарденов, Х.Наурызбаев, Г.Баянның, сондай- ақ атақты қостанайлық суретшілер мен қолданбалы суретшілер - Г.Соков, Н.Торшин, А.Шестаков, С.Луговой, Н.Халифаева, С.Шалунова, С.Ишанов, А.Анқауовтың сирек кездесетін туындылары қойылған.

«Бүгін Еңселі Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы қарсаңында, Қазақстанның мәдени астанасы жоспары аясында жер жәннәты атанған киелі Көкше топырағына Қостанай облысының мәдениет ошақтары келіп отыр. Ұлттық аспаптарымыздың сырлы сазымен баурап, халқымыздың өлмес мұрасы – ән-жыр өнерін асқақтатып, күмбірлеген күйлерін төгілтіп, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп келе жатқан Е.Өмірзақов атындағы Қостанай облыстық филармониясы ұжымын бүгін көкше төрінде қарсы алғанымызға қуаныштымыз! Е.Өмірзақов атындағы Қостанай облыстық филармониясы - өнер жолында қаншама өрелі жастардың шабытын шыңдап, мәдениет пен өркениеттің дамуына елеулі үлес қосқан талантты дара тұлғаларды самғатқан киелі қара шаңырақ. Н.Молдахметов атындағы қазақ халық аспаптар оркестрін әлемдік музыка мәдениетінің озық үлгілері мен Құрманғазы, Тәттімбет, Дәулеткерей, Дина сынды дәулеткер күйші-композиторлардың өлмес мұраларын жаңғыртып, ұлттық өнерімізді насихаттап, дамытуға өз үлесін қосып, жас ұрпақтың рухани тәрбиесіне де баса назар аударып, құдіретті өнермен сусындатып келе жатқан кәсіби ұжым ретінде танимыз», - деді Ақмола облысының мәдениет, архивтер және құжаттамалар басқармасының басшысы Айгүл Сәбитова.

Айта кетсек, «Рухани қазына» республикалық фестивальдің ұйымдастырушылар комитетінің шешімімен биылғы жылы «Қазақстанның мәдени астанасы» мәртебесін алған Көкшетау қаласында 2021 жылдың 7 қазанда Қостанай облысының мәдени күні депбелгіленді.

Аталмыш шара шеңберінде, бүгін сағат 17:00-де Ақмола облысының Үкілі Ыбырай атындағы филармониясында «Е.Өмірзақов атындағы Қостанай облыстық филармониясы» КМҚК Н.Молдахметов атындағы қазақ ұлт аспаптар оркестрі «Думанды Тобыл» мерекелік концертін ұсынады.

Концерттік бағдарламада қостанайлық композиторлар - ҚР еңбек сіңірген қайраткері К.Дерипсалдиннің, ҚР еңбек сіңірген мәдениет қызметкері Б.Сәуекеновтың, оркестрдің жаңартылған репертуары - ҚР еңбек сіңірген қайраткері, дирижер, композитор А.Жайымовтың «Думанды Тобыл», «Отпан тау», «Әз Тәуке» шығармалары, сондай-ақ, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Е.Үсеновтың «Шақшақ Жәнібек», «Ұстаз Арманы», «Арақарағай, арман -ай» атты шығармалары орындалады.

Ал сағат 19:00-де Шахмет Құсайынов атындағы облыстық қазақ музыкалық-драма театрында Арқалық қазақ жас көрермендер театры «Мәңгүрт» спектаклін ұсынады. Театр репертуарында қазақ әдебиеті классикасы мен қазіргі заман әдебиетінің озық үлгілері негізінде қойылған қойылымдар бар. Солардың қатарында Тәуелсіздіктің 30 жылдығына Р.Отарбаев «Қараша қаздар қайтқанда» тарихи драмасы, Б.Римованың инсценировкасымен «Абай - Әйгерім» лирикалық драмасы, Ш.Айтматов «Мәңгүрт» қасірет, «Ақ кеме» психологиялық драмалары, С.Ахмад «Келіндер көтерілісі» комедиялық, ерексектерге және балаларға арналған Д.Исабеков «Шығыс ертегісі», Ж.Әлікен «Сиқырлы терезе», М.Жүнісұлы «Ер Төстік», Ө.Боранбай «Қорқақ көжек» ертегілері бар.


Соңғы жаңалықтар