Көкшетауда «Қазбат» көркем фильмінің тұсаукесері өтті

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Көкшетауда «Қазбат» көркем фильмінің тұсаукесері өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазбат» көркем фильмі «Cinema Alem» кинотеатрында көрсетілді. Фильмді тамашалауға барған Ақмола облыстық Ішкі саясат басқармасының басшысы Алтынай Әміренова, Тәжікстан аумағында көз жұмған қазақстандық жауынгердің анасы Жанат Бекебаева және өзге азаматтар сөз алып, жастарға партиоттық тәрбие беретін осынау фильмді түсіру маңызына тоқталды.

Осы ретте, Алтынай Әміренова Тәжік-Ауған шекарасындағы қақтығысқа қатысқан қазақстандық батальонның бейбітшілік орнатудағы миссиясына тоқталды. Сондай-ақ, ол фильмді түсіруде сол соғыс қимылына қатысқан ардагерлер ұйытқы болғанын атап өтті

Айта кетейік, фильм желісі Қазақстан Республикасы тәжік қақтығысында бітімгершілік миссиясына қатысқан 1995 жылдың көктемінде болған оқиғалар туралы баяндайды. 7 сәуірде Пшихарв шатқалында Қазақстанның ішкі әскерлерінің жетінші ротасына саны көп содырлар қарулы шабуыл жасады. Сол ұрыста 17 адам қаза тауып, 33 адам жарақат алды. Ауған тарапынан шабуыл жасаған Тәжікстанда заңсыз оппозиция жауынгерлері бір сағат ішінде Тәжікстан аумағына асып кетпек болған. Алайда, қарсылыққа тап болды және бес сағатқа созылған шайқастан кейін шегінуге мәжбүр болды.

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен қаза тапқан 17 жауынгерлердің бесеуі екінші дәрежелі «Айбын» орденімен, он екісі «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалімен марапатталды. Олардың барлығы бірінші дәрежелі «Қызметте ерекшелігі үшін» ресейлік медалімен марапатталды.

Душанбеде тәжік халқына көмек көрсеткені үшін қазақстандық жауынгерлерге құрмет белгісі ретінде монумент орнатылды. Еліміздің елордасында «Отан-Ана» монументінің жанында 17-ші ішкі әскер батырларын еске алу аллеясы мен естелік ескерткіші ашылды, батырларға арналған ескерткіштер Шымкент, Петропавл және еліміздің басқа да қалаларында бар.

Фильм идеясының авторы – ҚР Ұлттық ұланының Бас қолбасшысы генерал-лейтенант Руслан Жақсылықов, режиссері - Асқар Ұзабаев, фильмнің қоюшы-операторы Максим Задарновский.

Фильмде танымал актерлер Дәурен Серғазин, Ринат Дошибеков және Халық Рахат, Саясат Мырзахмет, Шәрифбек Зәкіров, Индира Шынболатқызы түскен.

Көркем фильм 21 қарашадан бастап еліміздің барлық кинотеатрларында прокатқа шығады. Ал, телевизиялық нұсқасы келесі жылы «Qazaqstan» телеарнасында, 7 сәуірде – осы шайқастың 25 жылдығына орай көрсетілетін болады.

Соңғы жаңалықтар