Көкшетауда «Қазақ даласы - ұлы түркі елінің қара шаңырағы» атты конференция өтті

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Көкшетауда «Қазақ даласы - ұлы түркі елінің қара шаңырағы» атты ғылыми-практикалық конференция өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі облыстық ішкі саясат басқармасына сілтеме жасап.

Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында айтылған «Қазақстан - түркі әлемінің бесігі» мақаласындағы міндеттерді жүзеге асыру аясында «Шаңырақ» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен өткен шараға тарихшылар, ағартушылар, қоғам қайраткерлері, мемлекеттік қызметкерлер, үкіметтік емес ұйымдар, жастар және БАҚ өкілдері қатысты.

Ғылыми-практикалық конференцияда Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті халықаралық қатынастар факультеті түркология кафедрасының профессоры, филология ғылымдарының докторы Шәкір Ыбыраев, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы Виктор Зайберт, филология ғылымдарының докторы, Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің қазақ филология кафедрасының профессоры Шалабай Бердібай, тарих ғылымдарының докторы, профессор, Тарих және ҚР қоғамдық ғылымдар академиясының академигі Қадыржан Әбуев баяндама жасады.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы жарияланғалы бері түркі әлемін зерттеу - қазақ мемлекеттілігінің қалыптасу кезеңі ретінде ғана емес, сонымен бірге, ұлттың рухани әлеуетін қалыптастырудың, мәдениеттің және ұлттық идеологияның одан әрі дамуының қайнар көзі ретінде ерекше мәнге ие болды.

«Ақмола облысы әкімі жолдаған құттықтау сөзінде «Бүгінгі конференция - түркітану саласындағы білімді жүйелеу және жаңарту бойынша уақтылы және маңызы зор бастама» деп атап өтті», - дейді Ақмола облысы ішкі саясат басқармасы бастығының орынбасары Сабырхан Кенжебаев.

Айта кетейік, бүгінгі таңда өңірде «Ұлы даланың жеті қыры» шеңберінде «Қазыналы қазба – ұлт құндылығы» жобасы аясында археология бойынша белсенді зерттеулер, өлкетану бойынша маңызды жұмыстар жүргізіліп, жазушылар мен өлкетанушылар еңбектерінің жарық көруіне қолдау көрсетілді. Тарихшылардың бастамасымен мемлекеттілігіміздің қалыптасуы мен дамуына үлес қосқан тарихи тұлғалар туралы бейнероликтер жарық көрді.

«Ғасырлар аманаты» көрмесін өткізу жұмыстары (Ақмола облысының аудандарында тарихи-өлкетану материалдары қорынан көрме ұйымдастыру) қолға алынып отыр.

Сондай-ақ, ашық аспан астындағы «Ботай – Бурабай» археологиялық және этнографиялық мұражай жобасы да сәтті жүзеге асырылды.

Ғылыми-практикалық конференция аясында тарихшылар мен филологтарға арналған секциялық жұмыстар жүргізілді.

Соңғы жаңалықтар